Ақтөбенің Кеңқияқ ауылында заңсыз жүрген шетелдіктер елден шығарылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Темір ауданы Кеңқияқ ауылында жұмыс істеуге рұқсаты жоқ 15 шетелдік анықталды. Олар мектеп құрылысына тартылған.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктерді Темір аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы анықтады.
- Көрші елдің азаматтары мектеп салумен айналысқан. Шетелдіктер полиция бөліміне жеткізілді. Оларға әкімшілік хаттамалар толтырылып, сот шешімімен елден шығарылды. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан кәсіпкерге де хаттама толтырылды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, Кеңқияқ ауылында 600 орындық мектеп құрылысы былтыр басталып, бірнеше рет тоқтап қалды. Жоспар бойынша құрылыс жұмысы биыл аяқталуы тиіс. Мұнда әзірге тек іргетасы қаланып жатыр.
«Былтыр 17-тамыз күні құрылыс басталған. Жұмысшылар саны аз, техника аз, ұйымдастыру деңгейі төмен. Мұны астаналық «Antarium Group» ЖШС салып жатыр. Бұл компания тек бір емес, 4 мектеп құрылысын өз міндетіне алған. Олар: Ақтөбе қаласы Алтын орда ауданында 900, Кеңқияқта 600 орындық мектеп. Сонымен бірге осы компанияның Шұбарқұдық ауылы мен Қандыағаш қаласындағы құрылысы да проблемалы болып тұр. Әлі де жыл соңына дейін бітіреміз деп уәде беріп отыр,- деді Аслан Жарасбаев.