Ақтөбенің Ойыл ауданына Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бригадасы келеді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қонаев гарнизонындағы Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бригадасы Ойыл ауданына жіберіледі. Мұнда әскерилер қауіпсіз тасымалдау қызметін атқарады.

Ақтөбенің Ойыл ауданына Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бригадасы келеді
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Ақтөбенің Ойыл ауданында қазіргі кезде тұрғындар қайықпен қатынап жүр. Бұл ауданда орталықпен қатар Ақшатау, Қарасу, Қараой, Құбасай ауылдарына барар жолдарда кезекшілік қойылған. ҚР Қорғаныс министрлігі бүгін Ойыл өзенінің бойындағы ауылдар арасына уақытша өткел салу үшін Қонаев гарнизонындағы Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бригадасының әскери қызметшілері жіберілгенін хабарлады.

- Понтондық көпір паркінің элементтері теміржол платформасына тиелді. Оның ішінде тонналық автомобиль-понтондық көпір сегменттері бар екі көлік (КрАЗ-255Б), суда жүзетін транспортер және КамАЗ және КрАЗ базасында екі сүйреткіш-моторлы қайық бар. Техниканы майор Наурыз Төлеуовтың басшылығымен 58012 әскери бөлімінің 11 әскери қызметшісінен құралған топ алып жүреді. Мамандар байланыс құралдарымен және қосымша заттармен жабдықталған. Әскери инженерлер бұл жерге келгеннен кейін тұрғындарды, техниканы, материалдық құралдарды және жануарларды тасымалдау үшін өткел жасайды,- деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі. 

Айта кетейік, былтыр дәл осы Ойыл ауданына понтон көпір әкелінді. Жүк пен адамдарды понтон көпір арқылы тасымадады

Қазіргі кезде Ақтөбеге Қызылордадан ТЖД-нің 31 қызметкері келді. Олар Ырғыз ауданына жіберілді. Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері қосымша күш ретінде Хромтау, Қобда, Ойыл аудандарына барды. Олар қапқа құм толтырып, жағалауларды, бөгетті бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар