Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбенің шалғай ауылдарында ірі қара малдың неден қырылғаны белгілі болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сараптама қорытындысында ірі қарадан тейлериоз анықталды, яғни кене шағып, паразиттік ауру жұққан.

Айдарбек Сапаров: Мал шаруашылығына субсидия беруді тоқтатын шығармыз
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Ірі қара өлімі 21 маусым мен 14 шілде аралығында тіркелді. Бір айға жуық уақыт ішінде Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округі аумағында 39 ірі қара өлді.

— Сараптама қорытындысы хаттамасына сәйкес тейлериозға оң нәтиже анықталды. Тейлериоз — иксод кенелерінің шағуы арқылы берілетін, трансмиссивті жолмен жұғатын паразиттік ауру. Инфекцияның таралуына ықпал еткен фактор — мал иелерінің тейлериоз эндемиялық аймақтардан мал тасымалдауы. Қазіргі уақытта ветеринариялық қызмет мамандары эпизоотологиялық тексеру жұмысын жүргізіп жатыр. Тейлериоз аса қауіпті ауру қатарына жатпайды. ҚР заңнамасында мал иелерінің шығынын өтеу қарастырылмаған, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы.

Ветеринар мамандар ауырған малды негізгі табыннан бөліп емдеп жатыр. Сондай-ақ малды жайылымға бақташысыз жіберуге болмайды. Әрі кенеге қарсы өңдеу шарасын жүргізу және жаңадан мал сатып алған кезде ветеринар мамандарына дереу хабарлау міндеттелді.

— Өлексе жылжымалы инсинераторларда жойылады. Қазір мал өлу фактілері тоқтады. Емдеу шаралары жалғасып, эпизоотиялық жағдай Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы мен Ырғыз ауданының ветеринариялық қызметінің тұрақты бақылауында болады, — деп хабарлады басқарма.

Еске салсақ, Ырғыз ауданы Шеңбертал және Құрылыс ауылдарында тұрғындар мал қырылып жатқанын айтып, көмек сұрады. Алғашқы кезде зертханада мал ауруы дәл анықталмай, қосымша сынама алынды.