Ақтолағай үстіртін Ақтөбенің брендіне айналдырғым келеді – туроператор

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің ішкі туризмін дамытып жүрген Еркебұлан Аймұратұлы күн сайын ондаған адамға жауап беріп, бірнеше бағытта тапсырыс қабылдайды. Ал негізгі арманы Ақтолағай үстіртін брендке айналдыру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтолағай – қиын әрі қызықты сапар

Еркебұлан Аймұратұлы Атырауда дүниеге келіп, Ақтөбенің Байғанин ауданында ата-әжесінің қолында өсті. Сол жақта екі жыл білім алып, Ақтөбе қаласына көшіп келді. Арада біраз жыл өтсе де бүгінде оқу бітіріп, экономист мамандығын меңгерген ол ауылым деп үлкен жүкті арқалаған. Арманы – Ақтолағай үстіртін әлемге таныту. Мұндағы борлы тау өзгелерге қарағанда биік әрі мезгіл ауысқанда түсін өзгерте алады.

«Жалпы 2013 жылдан бастап Қазақстанның ұлттық парктерінде, қалаларында болдым. Ішкі туризмге қызығушылығым сол кезде оянды десем де болады. Сөйтіп туризмді одан әрі дамыту мақсатында халыққа қызмет көрсетіп жүрген ұйымдастырушылармен жақсы сөйлестім. 2016 жылы шетелдік сайттан Ақтолағай жайлы оқыдым. Ақтөбеде деп жазылған екен. Содан Байғанинде орналасқанын естіп, сұрастырдым. Жергілікті тұрғындар Алатау деп атайды. Содан болса керек, біраз іздедім. Алатау, Ақтолағай, Құлшар шоқысы бір-біріне жақын орналасқан. Тұрғындар содан тек Алатау деп атап кеткен. 2020 жылдың жаз айларында ғана іздегенімді таптым. Ол жерді мен ғана емес, Германияның кәрі тұрғыны да сұрастырыпты. Ол 2000 жылдардың басында Шахмат ханшайымы деп атап кеткен. Ақтолағай – ақ тау. Ең биік тұсы – 302 метр. Бір күнде түсін бірнеше рет өзгертеді. Таңертең сарғыш, түсте күріштей ақ болса, кешке аспанға ұқсап көкшіл түске боялады. Күн қозғалысына байланысты болатын құбылысқа шетелдіктер қатты қызығады. Бұрын бұл теңіз табаны болған деп айталады. Кеңес үкіметі кезінде су астында жататын дүниелер табылды деседі. Ұлулар да кезігеді. Бұл Сартоғай ауылдық округі, Ебейті ауылына жақын», -деп әңгімесін бастады Еркебұлан Аймұратұлы.

Қазақстандықтар енді-енді танып келе жатқан мекенге шетелдіктерден де сұраныс түсті. Әлемнің әр түкпірінен қоңырау шалып, мән-жайды сұрастырып жатқандар бар. Әзірге бәрін кейінгі шегеруге тура келді. Әлемдік пандемия жас жанашырдың жоспарына сәл өзгеріс енгізген. Борлы тауға әзірге тек жергілікті тұрғындар барып жатыр.

«Шетелдіктерден сұраныс жоғары. Тек карантинге байланысты шектеу қолбайлау болып тұр. Үндістан, Манчестерден хабарласты. Англиядан екі турист келе жатыр. Келісім бар, аудармашымен де уағдаластық. Олар тарихи материалдарды нақты жеткізетін тілмаш сұрап отыр. Сонымен бірге Венгрия, Украина, Ресей, Қытайдан да сұраныс бар. Карантин бітіп, шекара ашылса, шетелдіктердің көп келетініне сенімім мол. Көбі Бозжыраға ұқсатады. Бұрын ол жер қолжетімсіз еді. Қазір тасжол дәл жанына жеткізеді. Біріншіден, Бозжырадан биік, екіншіден бәз-баяғы қалпы сақталған. Адамдарды жол шаршатқанымен, кереметті көргенде бәрін әп-сәтте ұмытады. Эксклюзивті суреттер жасауға мүмкіндік бар. Көбі түсін өзгерткеніне қызығады. Ия, туып-өскен жерімді дамыту – менің арманым. Туристік маршрут туралы айтсам, Ақтөбе қаласынан түнде шығамыз. Таңда адам мініп, түсуге ыңғайлы Алатау шыңына барамыз. Жарты сағатта 120 метр биіктікке шыға алады. Мінген соң 5-10 минутта таң атады. Күн ұясынан шыққан сәтті көру үлкен әсер береді. Аспан асты мұражайына тоқтаймыз. Алатау мен Құлшар шоқысының ортасында жерден шығып тұрған түрлі мүсін бар. Адамдар қиялына ерік беріп, түрлі жануарға ұқсатады. Табиғи, қашалмаған. Арнайы айдарымыз да бар. Кім сәтті ұсыныс айтса, сыйлығымызды береміз. Әр мүсінге сипаттама береді. Өзім тасбақа, түйеге ұқсаттым. Рим Колизейі, Арыстанға да ұқсатасыз. Құлшар шоқысы да сол маңда. Шахмат ханшайымын да көреміз. Соңында Нартөбеге барамыз. Кемеге ұқсас мүсін де бар. Алғашыда қоқыс болды. Бәрі жиналды. Қазір тап-таза. Былтыр барлығы 14 рейс жасалды. Ең қиын жол - Ақтолағай. 400 шақырымдай жол тасжол, кейін 130 шақырым үшін жол талғамайтын көлік дайындалады. Іші көк шаң. 24-26 сағат жүреміз. Адамдар риза болады да сонда да», - деді Еркебұлан Аймұратұлы.

«Дубайға емес, Аққұмға барайық»

Дәл сол Байғанин ауданының Алтай ауылы да бір турмаршрутқа айналды.

«Бұл бағытты Аққұм-Алтай немесе Аққұм-Байғанин деп атауымыз мүмкін. Ұзындығы 50, екі 15 шақырым болатын құм бар. Дубайда жүргендей боламыз. Сол маңда артезиан суы бар. Алтай ауылындағы бұлақтан су ішкен әйел егіз табады деген түсінік қалыптасқан. Естуімше бұл ауылда егіз көп. Биыл екі түйе таптық. Түйемен серуендеуге болады. Болашақта түйе санын көбейткіміз келеді. Негізі туристік бағыт 17 адамға арналған. Ортасына оазис бар. Оған 8 шақырымдай жүру керек болады. Жылына бір турмаршрут болса да оазиске жету негізгі мақсатымыз», - деді ол.

Алматы, Маңғыстау, Барабай...

Өз күшімен туристік маршрутты жасап, дайындаған Еркебұлан Аймұратұлы қазір тек Ақтөбенің емес, еліміздің өзге өңіріне де тапсырыс қабылдайды. Туристерді Алматы, Ақтау, Бурабай, Түркістанға апарып жүр. Келер жылы Алакөлді де қатарға қоспақ.

«Ұшақпен барамыз, қонақүй жалдаймыз. Ол кезде пайда табу туралы айту артық деп ойлаймын. Кейбір туриспен дос болып кеттім. Соларға арнап өзге өңірлерді көрсеткім келді. Сөйтіп бір адамнан екіншісі естіп, сұраныс артты. Апармасам ренжіп, өкпесін де айтады. Пайда бар, бірақ күнделікті тіршілікке ғана жететіндей. Шынымды айтсам, бәрібір мен үшін Ақтолағай ыстық. Сондықтан қайда бағыт алсам да жанымдағы адамдарға Ақтолағай туралы айтамын. Сөмкеме Ақтолағайдың фотосын жапсырып алдым. Көшеден көрген адам тоқтатып, сұрайды. Қазір маңғыстаулық турфирмалар хабарласып, ұсыныс айтып жатыр. Менің өзге қалада жүргенімнің өзі жарнама. Маскаға, кесеміздегі фото да Ақтолағайға арналған. Менің барым – Ақтолағай. Оны мені танитын туристер жақсы біледі. Мақсатым – Ақтолағай арқылы Байғанинді Қазақстан, шетелге таныту», - деді Еркебұлан Аймұратұлы.

Ол барлық маршрутты екіге бөлді. Қазақстан және жергілікті. Жергілікті турмаршрутты бір апта бұрын хабарлайды. Алдымен синоптиктерге хабарласып, ауа райының көрсеткішін алады. Ыстық пен жаңбырлы күні тиімсіз сапар міндетті түрде кейінге шегеріліп отырады. Ал Қазақстан қалаларына баратын болса, бір ай бұрын хабарлама береді. Бұл ұшақ билетінің қамы. Ерте рәсімделсе, арзанға түсері хақ.

«Қазір барлауда екі адамым бар. Барады, фотоға түсіреді, видеосын жібереді. Жобасын қараймын, кейін өзім барамын. Арнайы гид дайындап, хабарлама беремін. Адамдар көп. Пандемияға байланысты шектеу бар. Мәселен, Қарғалы ауданындағы Қасқыр сарқырамасына бару үшін апта ішінде 300-ге жуық адам хабарласты. 1-мамырға барғысы келді көбі. Тек 34 адам жібердік. Ең кем дегенде 150-ін апаруға болатын еді. Шектеу алынса, қалыпты өмірге оралсақ, «бізде орын жоқ» деп айтпаймыз», - деді ол.

Жас туроператор бірер жылда мол тәжірибе жинады. Бір ғана Ақтөбе облысында бірнеше бағытты қамтуға болады. Әр ауданның өз ерекшелігі, туристер қызығар тұсы жеткілікті. Мәселен, Мәртөктегі орман, Ырғыздағы табиғи қорық, Ойылдағы орман.... Тек өзі емес, жолындағы әр жанның жұмыспен қамтылуын да көздеген.

«Әр аумаққа барғанда жергілікті тұрғындар біз арқылы табыс табуы керек деп есептейміз. Ақтолағайға барсақ сол ауылдың көлігіне мінеміз, тамақ пісіртеміз. Кімге не керек деп айтамыз. Жергілікті өнімді қолдау бар. Шетеліктер киіз үйде қонуды сұрайды. Сұраныс жоғары болса, Қазақстан олардың жүрегінде мәңгі қалатындай жағдай жасаймыз. Сонымен бірге туристер көбіне демалыс аймағындағы тазалықты талап етеді. Өз бетімен баратын адамдар демалып, кейін қоқысты жинамай кетеді. Мәселен, Қысқыр сарқырамасына жауапты адамдар «жүк көлігі екі күн сайын қоқысқа толады» деп айтады. Бұл сұмдық. Сонда әр адам қоқыс тастайды деген сөз. Мұны ақтауға болмайды», - деді Еркебұлан Аймұратұлы.

Димаш Құдайбергентуризмге үлкен серпін береді

Ол сенбі және жексенбіні сәтті пайдаланады. Жұмысбасты қала тұрғындары демалыс күндерін сәтті өткізуді әдетке айналдырған. Қазір жаңа жобаны қолға алды. Бірақ ол бәрін әлі құпия сақтап отыр.

«Димаштың фанаттары көп жазады. Ақтөбе туризмінің дамуына үлкен серпін берері сөзсіз. Құпия жобамыз бар. Әлемге арналған жоба. Өмірімдегі ең үлкен жоба болмақ. Облыстық әкімдік қолдап отыр. Өнерін бағалаймын, әндерін тыңдаймын, мақтанамын. Бұл бағыттағы жоспарды қосымша хабарлаймын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар