Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Бас прокуратура Нигерия азаматының экстрадициясына қатысты түсініктеме берді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Ақжарқын Тұрлыбай ісі бойынша қазіргі жағдай мен тергеу барысы жөнінде айтты.
Сенатта өткен брифинг барысында журналистер Қазақстанның Интерпол арқылы Нигерия азаматы Адиндо Нонсо Фортунені елге экстрадициялау туралы өтініш жолдағанын еске салды. Ол Ақжарқын Тұрлыбай ісі бойынша күдікті деп танылған.
– Бұл іс және бұған дейінгі барлық іс, соның ішінде Ақжарқынның ісі де біздің тұрақты бақылауымызда болады. Аталған мәселені назардан шығармай, күдіктіні елге қайтару үшін бар мүмкіндікті пайдаланамыз. Мұндай жағдайларда белгілі бір тәртіп бар. Алдымен Интерпол іздеудегі адамның орналасқан жерін анықтайды, содан кейін экстрадиция тетігі іске қосылады. Қазір біз оның қай жерде жүргенін анықтау нәтижесін күтіп отырмыз. Орналасқан жері белгілі болған сәттен бастап, бірден экстрадициялау мәселесіне кірісеміз, - деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Еске салсақ, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы әуежайда ұсталған болатын. Тергеу материалдарына сәйкес, оның сөмкесінен 4,5 килограмм амфетамин табылған. Ол Малайзияға сән киімдерін жеткізуші курьер ретінде жұмыс істеуге бара жатқанын айтқан.
Бұған дейін Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырған еді.