«Ақжайық» резерватындағы қамыс өрті сөндірілгенмен, аумақ бықсып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласы Еркінқала ауылдық округінен Каспий теңізіне қарай 35 км қашықтықта «Ақжайық» МТР 18,26 кварталындағы қамыс өрті өшірілгенмен, бықсып жатқан аумақтар бар.
Ресми мәліметке сүйенсек, оқиға орнына Атырау облысы ТЖД мен «Ақжайық» МТР-нан барлығы 65 адам, 18 техника жұмылдырылды.
Өрт аумағы 12 га құрады. 1 мамыр сағат 07:53-те жану оқшауланған.
– Жердің сулы-батпақты болуы өрт сөндіру автокөліктерінің өтуіне қиындық тудырды. Трактор мен соқа арқылы 30 шақырым қашықтықта жерді жырту жұмыстары жүргізіліп, күштер ранцты өрт сөндіргішпен өртті сөндіру жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға орнында ТЖД бастығының бірінші орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Әбділда Баякеев жетекшілік етуде. Жауаптылар елдімекенге қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, резерват аумағындағы қамыс өрті 30 сәуір күні 17:00 шамасында басталған еді.