Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сот: куәгерлер жаңа деректермен бөлісті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы өтіп жатыр.
Бүгін сот отырысында бірнеше куәгер жауап берді. Олардың бірі Әйгерім Әбдірайымова өз түсініктемесінде дәмханаға кешкі сағат 21:30–22:00 шамасында құрбысының шақыртуымен барғанын айтты. Ол үстел басындағы басқа адамдармен сол кеште бір-ақ танысқан. Дәмханада 1,5 сағаттай болған бойжеткен отырыстағы әңгімелер көңілінен шықпаған соң, таксимен кетіп қалған.
Сусындар туралы сұраққа куәгер өзіне апероль коктейлін, ал құрбысына шарап тапсырыс бергенін айтты. Сонымен қатар ол басқалардың ішімдік ішкенін байқамағанын атап өтті. Жол апаты туралы таңертең құрбысынан естіген. Бойжеткен айыпталушы Пак ерекше есінде қалмағанын және оның алкогольдік сусын ішкенін көрмегенін мәлімдеді.
Тағы бір куәгер Оразғали Омар Александр Пакты сол кеште алғаш рет көргенін айтты. Ол дәмханаға түнгі сағат 01:30 шамасында досының шақыруымен барған. Оның сөзінше, үстел басында 6 адам болған, бірақ өзі ішімдік ішпегендіктен, өзгелердің не ішкеніне назар аудармаған.
— Ол жерде үлкен үстел болды. Оларды бақылап отырудың еш мәні болмады, өйткені ешқайсысын танымайтын едім, — деп түсіндірді ол сотта.
Куәгер бұл топтың дәмханада түнгі сағат үшке дейін отырғанын, содан кейін Әл-Фараби даңғылына қарай бет алғанын айтты. Алайда мейрамхана есебін кім төлегенін білмейтінін жеткізді.
Сондай-ақ Омар өзінің жеке жүргізушісі бар BMW X7 автокөлігімен жүргенін, кейіннен сол жүргізуші қосарланған тұтас сызықты кесіп өткені үшін 6 айға жүргізуші куәлігінен айырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, олардың алдында жүрген тағы екі көлік — BMW мен Camry де дәл осылай ереже бұзған. Омар жүргізушіге қосарланған тұтас сызықтан өтуді өзі өтінгенін мойындап, мұны «жастық» деп түсіндірді.
Куәгер Александр Пактың көлігін байқамағанын және апат сәтін өз көзімен көрмегенін айтты.
— Өзім Асқаров көшесінің бойында тұрамын, сол жаққа қарай бара жатқанмын. Жол апатының қалай болғанын көрмедім, — деді ол.
Куәгер ретінде жауап берген Назыгүм Шамахунова сотта Александр Пактың досымен апаттан 1-1,5 апта бұрын танысқанын, кейін Пакпен де танысып, бірақ жақын араласпағанын айтты.
Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған күні ол танысымен кешкі ас ішуге келіскен. Оны танысы Zeekr автокөлігімен үйінен алып кеткен. Дәмханада бойжеткен тіскебасар мен бір бокал ақ шарапқа тапсырыс берген. Ол басқа адамдардың ішімдік ішкен-ішпегеніне білмейтінін айтты.
— Даяшы жиі келіп-кетіп жүрді… Мен құрбыммен сөйлесіп отырғандықтан, назар аудармадым, — деді бойжеткен.
Бойжеткеннің сөзінше, ол Пакпен жеке сөйлеспеген және оның ішімдік ішкенін көрмеген. Отырыс аяқталған соң жұрт тарай бастаған. Көлік тұрағында Александр Пак алдымен оны үйіне апарып тастауды ұсынған, бірақ кейіннен айнып қалып, басқа танысының көлігіне отыруды өтінген.
Куәгердің айтуынша, бәрі көліктерімен жүре бастағанда, Пак тұрақтан бірінші болып шығып кеткен. Ал бұлар отырған көлік тізбекте төртінші немесе бесінші болып қозғалған. Одан әрі олар Достық даңғылымен жүріп, Әл-Фарабиге қарай бұрылған кезде жол апаты болғанын байқаған.
— Мен мұны көрдім. Өте қорқынышты көрініс еді, зәрем ұшты, — деді ол.
Бойжеткен апатқа ұшыраған көліктің Пакқа тиесілі екенін бірден түсінбегенін айтты: ол жерден тек Mercedes көлігін байқап, Zeekr-ді көрмеген. Өйткені қатты соққыдан көлік өте алысқа ұшып кеткен.
Еске салайық, бұған дейін Әл-Фараби даңғылында болған жол апатының бейнежазбасы сотта көрсетілді. Сондай-ақ куәгер Адам Мархиевтен жауап алынды.
Одан бөлек бүгінгі сот отырысында үшінші жәбірленуші де Пакті кешірді.
Өткен сот отырысында тағы екі жәбірленуші айыпталушыға кешірім берген болатын.
2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.