Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сотталған Александр Пактың ісі апелляциялық сотта қаралды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қалалық сотында Александр Пактың ісі бойынша апелляциялық шағым қаралды.
Апелляциялық сот отырысы 5 тамызда өтті. Шағымды жол апатында қаза тапқан қыздың әкесі түсірген. Ол моральдық зиянды өтеу өтемақысын 10 миллионнан 100 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды сұрады.
– Шағымда зардап шеккен тарап Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 22 маусымдағы №7598-26-00-1/42 қылмыстық іс бойынша үкімін азаматтық талапты шешу бөлігінде өзгертуді, Александр Пактан оның пайдасына 100 000 000 (жүз миллион) теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысын өндіріп алуды сұрайды, – делінген сот қаулысында.
Іс материалдары бойынша марқұмның әкесі Пактың айыптылығы, оның іс-әрекеттерінің саралануы және тағайындалған қылмыстық жаза туралы қорытындыларына шағымданбаған.
Өз кезегінде Александр Пактың тарапы апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады. Сот алқасы үкімді өзгертуге ешқандай негіз жоқ деген қорытындыға келді. Сотта моральдық зиян өтемақысы отталған адамның жазасын қатаңдату тәсілі ретінде қарастырылмайтыны атап өтілді.
– Өтемақы мөлшерін белгілеу кезінде бірінші инстанциядағы сот материалдық құқық нормаларын қате қолданды немесе қылмыстық-процестік заң нормаларын елеулі түрде бұзды деп есептеуге сот алқасы ешқандай негіз таппады. Өндірілген 10 000 000 теңге мөлшеріндегі өтемақы сомасы зардап шеккен тарарқа келтірілген рухани қасіреттің сипатына, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларына, сотталған адамның айып дәрежесіне сәйкес келеді әрі парасаттылық пен әділдік талаптарына жауап береді, – делінген сот қаулысында.
Нәтижесінде Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 22 маусымдағы үкімі өзгеріссіз қалдырылды.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Іс бойынша сот отырысында жәбірленушілер Александр Пакке кешірім берді.
Сондай-ақ сотта айыпталушы Александр Пактан жауап алынды.
Кейін жол апаты бойынша сотта іске жаңа жәбірленуші қосылып, ол сотталушыға ешқандай кешірім бермейтінін атап өтті.
Биыл 22 маусымда сот Александр Пакті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталушы Пак өмір бойына жүргізуші куәлігінен (көлік басқару құқығынан) айырылды. Қаза тапқан қыздың әкесіне тиесілі талап арыз ішінара қанағаттандырылып, 10 миллион теңге көлемінде өтемақы белгіленді.