Әлі «қыркүйек» деп жазамын – Оқу-ағарту министрі емле дауына пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «қыркүйек» сөзінің «қыргүйек» болып жазылуына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, екі нұсқаны да қате деп санауға болмайды, ал емле мәселесіне ғалымдар нүкте қоюы керек.

Жұлдыз Сүлейменова
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Бүгін қыркүйектің сегізі ме әлде қыргүйектің сегізі ме? Неліктен «к» «г» әрпіне ауысып кетті. Оның қандай қажеттілігі бар еді?, – деп сұрақ қойды тілшілер Үкімет үйіндегі брифингте.

Министр бұл ауысуға Оқу-ағарту министрлігінің еш қатысы жоқ екенін, бұл – тіл біліміндегі өзгерістер екенін атап өтті.

– Осы сұрақ өзімді де қызықтырды. Сондықтан ғалымдарымыздың, Рәбиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінуме тура келді. Жалпы 80-жылдардан бастап, айтылым мен жазылымның арасындағы белгілі бір заңдылықты сақтай отырып, емле заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесі біраз талқыланған, – деді Ж. Сүлейменова.

Министр өзінің әлі «қыркүйек» деп жазатынын жасырмады. Дегенмен екі нұсқасы да қате деп санауға болмайтынын айтты.

– Бұл – бізді кезінде оқытқан кездегі тәртіппен, сол грамматикамен жазылған дүние. 2000-жылдары «қыркүйек» секілді қолданатындар деңгейі 93 пайызға жетті деген зерттеулер бар. Менің ойымша, «қыркүйекті» де, «қыргүйек» деп жазуды да қате деп санауға болмайды. Біздің қолданып жүрген «қыркүйегіміз» – біздің кезімізде қазақ тілінен сабақ берген ұстаздарымыздың үйреткені. Олар да өздерінің емле заңдылықтарын, сол жердегі грамматикалық, морфологиялық заңдылықтарды бізге түсіндірген болатын, – деді министр.

Ведомтство басшысы айтылым мен жазылымдағы өзіндік ерекшелігі бар нормативтер сақталуы керектігін еске салды. Тіл білімі институты «қыркүйек» емес, «қыргүйек» деп 2013 жылғы орфографиялық сөздікте де жазып қойған.

– Қазір «Ботакөз» емес, «Ботагөз» деп айтамыз ғой. Сол секілді айтылым мен жазылымдағы өзіндік ерекшелігі бар нормативтер бар. Соны егер қайтадан жаңғырту керек болса, егер ғалымдарымыз солай дұрыс дейтін болса, ғалымдардың үнін естуіміз қажет. Ғалымдар осы жерге нүктесін қоюы керек деп санаймын, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Бұған дейін министр колледждердің оқыту бағдарламасынан 32 мамандық алынып тасталуы мүмкін екенін айтқан еді.

Колледж-техникумдардың 90 мыңнан астам түлегі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.