12:29, 14 Қаңтар 2019 | GMT +5
Альпі курорттарында мыңдаған турист қар құрсауында қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Германия мен Аустрияның шекаралық аймағында толассыз қар жауды. Бұл туралы Der Tagesspiegel неміс басылымы хабарлады.
Альпідегі көшкін қауіптілігі салдарынан жексенбі кешкісін Аустрия билігі басты жолдардың бірін жауып, 17 мың адам тұратын Зальцбург провинциясының сыртқы әлеммен байланысын тоқтатты.
Сондай-ақ, Раурис елді мекенінде 2 мың турист пен 3 мың тұрғын қар құрсауында қалды. Сондай-ақ, Ункен, Лофер, Сен-Мартен және Вайсбах шекаралық қалалары осындай жағдайға тап болып отыр.
Синоптиктердің болжамы бойынша, бүгін Альпідегі танымал тау шаңғысы курорттарында биіктігі бір метр болатын қар жауады. Бұдан бөлек, боран мен бұрқасын болады.
Еске сала кетейік, Еуропаның көптеген аудандарын қалың қар басып қалды. Салдарынан жолдар, теміржолдар жабылып, мектептерде сабақтар тоқтатылды.