Алаңда қолыма түскен фотоаппарат объективін 37 жылдан соң музейге тапсырдым - Алтай Жанжігітов
Ақтөбелік Алтай Жанжігітов 1986 жылы бейбіт шеруге шығып, өз ойын ашық жеткізген жастардың бірі. Студенттік шақта белсенді болған ол сол кезде орталық алаңда фотоға түсіріп жүрген адамның фотоаппаратын тартып алып, объективін бүгінге дейін сақтаған. Желтоқсан оқиғасына қатысушы 37 жыл сақтаған дүниесін музейге тапсырды, деп хабарлайды Kazinform.

Алтай Жанжігітов Ақтөбе облысының тумасы. 1986 жылы Алматыдағы мал дәрігерлік институтында білім алған. Бірінші курс студенті 15 желтоқсан күні оқу ғимаратынан жатақханаға оралады. Сол сәтте алдынан қазақ жігіттері шығып, бейбіт шеру туралы біледі.
«Ертеңіне сағат 8-де сабаққа баруымыз керек еді. 8-ге 15 минут қалғанда оқытушыларымыз «сабаққа барыңдар» деп есік қақты. Біз есікті ашпадық. Сөйтіп жүргенде бізді мүлде шығырмай қойды. Амалын тапқандар апатты жағдайға арналған есік арқылы шығып үлгерген. Ал біз екінші қабаттағы асхана балконына алаша байлап, сыртқа шықтық. Алаңға барсақ, адам аз екен. Алдымен біздің институттың балалары жеткен. Кейін жанымызда тұрған жатақхана студенттері келді. Жинала бастағанда милиция қызметкерлері: «Қазақтың жігіттері, неге жиналып тұрсыңдар? Заң солай, тараңдар!» - деп айтты. Біз кетпедік. Жан-жақтан студенттер келіп, алаң тола бастады. Сол кезде милиция ішке кіргізбеу, алаңға жақындатпау үшін қоршау жасады. Келушілердің алдын кес-кестеді. Адам көп, оған қарап жатқан ешкім жоқ. Бұзып, жинала берді. Бір кезде алаң толды. Әркім сөйлеп жатыр. Түске жақын «ҚазПИ-дің қыздарын шығармай жатыр екен» деген хабар келді. Солай қарай беттедік. Жолда фотографтарды көрдік. Олар суретке түсіріп тұр екен. Біз оларды қуып жетіп, фотоаппаратын тартып алдық. Пленкасын тастап, ағызып жібердік. Сол тартып алған фотоаппараттың объективін 37 жыл сақтап, музейге тапсырдым», - деді Алтай Жанжігітов.
Оның айтуынша, сол кезде фотоаппаратты тартып алмағанда, көп жастарды қудалайтын айғақ зат ретінде қолданылар еді.
«Арада 20 күн өткен соң институтқа альбом алып келді. Басшыларын шақырып, кімді танитандарын сұрады. Кешкісін жатақхана комменданты келіп тұр. «Мен біздің студенттер жоқ деп айттым», - деді. Сол кезде курстасым Ерлан Бейсембаев фото арқылы сотталды. Плакат ұстап тұрған фотосы табылған екен. Кейін ақталып шықты. Сонымен бірге кластасым Талғат Жұбаев фото арқылы қудалауға түсті. Объективті тартып алған соң чемоданымда жатты. Содан үйге әкеліп, сандыққа салдым», - деді ол.
Алтай Жанжігітов үш күн алаңда болған. Алаңдағы толқу, жастардың ауызбіршілігі бәрі-бәрі көз алдында. «Мені ешкім ұстаған жоқ. Сол үшін де жатақхана коммендантына алғыс айтамын. Ол фотодан көрсе де танымаймын, менің студентім емес деп аман қалдым», - деді желтоқсаншы.