Алаңдап елді, алаңға беттеді: Желтоқсаншы Гүлжан Каримгазина Өскеменде жастардың алаңға қалай жиналғанын еске алды

Гүлжан Каримгазина
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

«Желтоқсан желі» әні қосылса Гүлжан Каримгазинаның көзін жас торлап, кеудесін мұң кернейді. Арада 37 жыл аттай зулап өте шығыпты. Алайда сол бір сәттер әлі күнге дейін оның жадында. Қалай ұмытсын?! Жастарды алаңға шақырғаны үшін жарты жылдан астам уақытын түрмеде өткізген. Қыздарының сотталғаны әке-шешесіне де қорғасындай ауыртпалық түсірген-тұғын. Алайда бұған мойымай, шыдамдылықты шырақ, табандылықты тірек еткен олар бәрін де көтере білді.

Осы ретте, Kazinform агенттігінің тілшісі шығысқазақстандық желтоқсаншымен сұхбат құрған болатын.

- Желтоқсан оқиғасы кезінде неше жаста едіңіз?

- 1969 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Құйған ауылында дүниеге келдім. Сондағы орта мектепті бітіріп, Өскемендегі кооперативтік техникумға оқуға түстім. Таңдаған мамандығым – тауартану. 1986 жылы желтоқсан көтерілісі болған кезде 3-курста оқып жүрдім. Бұл ең ақырғы курсым еді. Диплом алуға аз уақыт қалған.

- Сол кезде Алматы қаласында болған жағдайды жұрт түгелдей дерлік біледі. Ол туралы талай айтылды да, жазылды да. Ал Өскемендегі ахуал қандай еді? Куәгер ретінде айтып берсеңіз…

- Желтоқсан оқиғасын еске алу, оны айтып жеткізу өте қиын. Айта бастасам кеудемді өксік қысып, жанарыма еріксіз жас келеді… Негізі желтоқсан оқиғасы емес, желтоқсан көтерілісі деп айтқан дұрыс. Себебі оқиға деген бір жерде ғана болған сәт. Ал желтоқсанда Қазақстан қалаларында қалың жұрт көтерілді.

Әуелі Алматыда жастар алаңға шығып, «Қазақты қазақ басқарсын!» деп ұрандағандарын есіттік. Сабақта болғанбыз. Ауыздан ауызға сөз тарап кетті. Қолдай жөнелдік. Біз де ел патриоты екенімізді көрсеткіміз келді.

Гүлжан Каримгазина
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- Сіздердің топтарыңызда оқып жатқан жастар түгел дерлік қолдады ма?

- Барлығы қолдады деп айта алмаймын. Бірақ көбісі деуге болады. «Алматылық жастармен бірге екенімізді білдіріп, оларға қалай үн қоссақ?» деп курстастарым, құрбыларым Динара Бузубаева, Бақыт Қалибаева, Амангүл Әлімбаева, Бақытгүл Түсіпова, Жанар Нұрахметовамен ақылдастық. Бәріміз 17-18 жас аралығындамыз.

- Алаңға шығу жайлы ұсынысты кім айтты?

- Бірінші болып алаңға бастаған – Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері. Олар қағазға үндеу жазып, жан-жаққа таратты. Сол қағаздардың бірі бізге де жетті. Үндеудің мәтінін парақшаларға көшіріп жазып, оны қала көшелеріне іліп шығуға уағдаластық.

- Үндеуде не деп жазылғаны есіңізде ме?

- Иә. «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күресіп жатқан алматылық жастарды қолдайық! Сол үшін алаңға шығайық!» деп басталатын. Ары қарай алаңға шығатын күні мен сағаты жазылып тұрды.

- Ары қарай сөзіңізді жалғасаңыз…

- Ол кезде компьютер деген жоқ қой. Қалам мен қағазды алып, үндеу мәтінін көшірумен болдық. Талай уақытымыз кетті. Сабақ үстінде де жазып отырдық. Жазып болған соң қыздар көшелерді бөлісіп, парақшаларды қабырғаларға жабыстыруға, халыққа таратуға кеттік. Айналаға «22 желтоқсанда алаңда болайық» деп ұран тастадық.

Алайда діттеген күні бізді КГБ қызметкерлері алып кетті. Сонда біраз ұстап, жатақханаға жеткізіп тастады да «Алаңға шықпаңдар!» деп қатаң ескертті. Әйтеуір, ыңғайлы сәт туғанда қашып шығып, алаңға беттедік. Бірақ кеш болып кетіпті. Үлгермей қалдық. Алаңның ортасында келе жатқан халықты көрдік. Кілең жастар екен. Оларды әскерилер қоршап тұрды да алаңға өте алмадық.

Гүлжан Каримгазина
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- 22 желтоқсан күні КГБ қызметкерлерінің дәл сіздерді алып кеткен себебі неде деп ойлайсыз? Біреу көрсетіп жіберген бе?

- Олар көшелердегі парақшаларды кім жазғанын анықтаған ғой. Содан біз оқып жатқан кооперативтік техникумға келген. Жиналыс ашып, студенттерді түгел жинады. Қағазды көрсетіп «Бұны кім жазды?» деп сұрады. Сабақ үстінде жазып отырғанымызды группаластарымыздың бәрі көрген-тұғын. Арасында көтерілісті қолдамайтындар да болған. Сөйтіп, біздің жазғанымыз ашылып қалды.

Содан кейін бірнеше қызды көлікке тиеп, алып кетті. Жеке-жеке тергеді. Қорқытты. Жертөлеге қамап та тастады. Үндеудің мәтінін кім жазғанын, жастарды кім ұйымдастырғанын сұрады. Білмейміз деп тұрып алдық.

Желтоқсан көтерілісінен кейін қаншама жас денсаулығынан айырылып, оқудан шығып қалып, жазаланып жатты. Өзім де түрмеге қамалдым. Сот шешімімен 1 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Жасым 17-де… Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған колония жоқ еді. Сондықтан мені Ресейде қамайтын болды. Бір жарым ай жолда жүрдім. Алматының, Оралдың түрмелеріне жатқызды… Одан кейін Ресейдің де бірнеше түрмесіне жапты. Маған «Арандатушы», «Мемлекетке қарсы шығушы» деп қарады. Кемсітті. Өктемдік көрсетті. Сол жақта көрген қиындықтарды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес… 18-ге толғаннан кейін Алматы облысындағы әйелдер колониясына ауыстырды. 1987 жылдың тамыз айында амнистияға ілігіп, әйтеуір босатылдым.

- Ата-анаңызға да оңай болмаған шығар…

- «Қызы сотталған» деген атақ кімге абырой әкелсін… Әсіресе шешеме ауырға соқты. Марқұм анам кейін маған берілген медальдарды тағып алып «Мен сенен де көп қиындық көргенмін» деп күлетін. Математика пәнінің мұғалімі еді. Қызы түрмеге қамалған соң оны ұстаздық жұмыстан шығарып, кітапханашы қылды. Сол жақтан зейнеткерлікке шықты.

Түрмеден босаған соң ауылға келіп, әкемнің қасына есепші болып жұмыс істей бастадым. Біраз уақыттан соң кооперативтік техникумнан хабарласып, «Сіз оқуға қайта қабылдандыңыз. Келіп оқуыңызды аяқтап алыңыз» деді. Бардым, оқыдым. Диплом алдым. Темір торда жатқанда осы сәтті армандайтын едім ғой. Ойша диплом алып жатқанымды, отбасымның, құрбыларымның арасында тұрғанымды елестетемін. Құдайға шүкір, соған да жеттім…

- Желтоқсаншы ретінде сізге мемлекет тарапынан қандай да бір көмек көрсетілді ме?

- Бүгінде желтоқсаншыларға бұрынғыға қарағанда көңіл бөліне бастады. Жыл сайын Тәуелсіздік күні мерекесіне орай 150 мың теңге беріледі. Қоғамдық көлікте тегін қатынаймыз. Желтоқсан көтерілісінің 10, 35 жылдықтарында медаль алдым. Бірақ өкінішке қарай, елімізде желтоқсаншылардың ресми статусы әлі де жоқ.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз…

- Жолдасым екеуіміз 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік. Олардан 5 немере сүйіп отырмыз. Өзімді бақыттымын деп санаймын. Қанша қиындық көрсем де мына күнге аман-есен жеткеніме қуаныштымын!

- Тәуелсіздік күніне орай елге қандай тілек айтасыз?

- Мемлекетіміз өркендеп, халқымыздың жағдайы жақсара берсін. Қазақстанды әлем бейбітсүйгіш, қонақжай, мәдени мекен ретінде танысын. Әр отбасының үйіне тек қуаныш ұяласын. Егемендігіміз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum