Alaqan Mektep: оқушылардың биометриялық деректері қалай қорғалады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде оқушылардың мектепке кіруін бақылауға, сабаққа қатысуын тіркеуге және кейбір қызметті автоматтандыруға арналған Alaqan Mektep биометриялық жүйесі қолданылады. Соңғы уақытта жүйенің заңдық негізі мен оқушылардың биометриялық деректерінің қалай сақталатынына қатысты ата-аналар тарапынан сұрақ көбейді. Осыған байланысты Kazinform агенттігі Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдады.
Жүйе қандай негізде енгізілді
Ведомство мәліметінше, Alaqan Mektep жүйесі Мемлекет басшысының білім саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы негізінде енгізілген. Сонымен қатар жоба Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 бұйрығына сәйкес қолға алынған. Құжатта білім беру ұйымдарын кіруді бақылау және басқару жүйелерімен жабдықтау көзделген.
Министрлік жүйені пайдалану оқушылар үшін міндетті емес екенін атап өтті.
Биометриялық деректер қалай өңделеді
Министрліктің мәліметінше, кәмелетке толмаған балалардың биометриялық деректерін өңдеуге тек ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Егер ата-ана жүйені қолданудан бас тартса, мектеп баламалы сәйкестендіру тәсілдерін ұсынуға міндетті. Мұндай шешім баланың білім алу құқығын шектеуге себеп бола алмайды.
Сондай-ақ министрлік жүйені әзірлеген әрі оған техникалық қызмет көрсететін компания — Alaqan Technologies екенін хабарлады. Ал деректерге жауапты тарап ретінде мектептердің өзі немесе жергілікті білім басқармалары белгіленген.
Жүйе қалай жұмыс істейді
Министрлік түсіндіргендей, жүйе алақанның биометриялық ерекшеліктерін тіркеп, оны қайталанбайтын цифрлық хэш-кодқа айналдырады. Яғни алақанның суреті сақталмайды. Сәйкестендіру математикалық үлгілерді салыстыру арқылы жүргізіледі.
Жиналған деректер мектепке кіруді бақылауға, сабаққа қатысуды есепке алуға, асханада қолма-қол ақшасыз төлем жасауға және кейбір мектеп қызметтерін пайдалануға қолданылады.
Министрліктің мәліметінше, ақпарат үшінші тұлғаларға берілмейді және тек жабық білім беру жүйесінің ішінде пайдаланылады.
Деректер қалай қорғалады
Министрлік серверлердің Қазақстан аумағындағы қорғалған дата-орталықтарда орналасқанын мәлімдеді. Сондай-ақ деректерге қолжетімділік қатаң бақылауда болады.
Бұдан бөлек, жүйе тұрақты түрде ақпараттық қауіпсіздік тексерістерінен, соның ішінде техникалық аудиттен өтеді.
Балама тәсілдер бар
Ата-аналар баласының биометриялық сәйкестендіруден өтуінен бас тартуға құқылы. Мұндай жағдайда мектептер ID-карта, пластик рұқсатнама немесе QR-код секілді балама тәсілдерді ұсынуы тиіс.
Министрлік жүйе 1–12 сынып оқушыларының барлығына қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда оны енгізу туралы шешімді әр мектеп ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп қабылдайды.
Жобаны қаржыландыру Alaqan Technologies компаниясының жеке қаражаты есебінен жүргізіледі. Жүйе сервистік қызмет көрсету немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы енгізіледі. Ал келісім шарттары мемлекеттік сатып алу жүйесінде көрсетіледі.
Айта кетейік, Alaqan, CEREBRA және Parqour сынды шетелге танылған қазақстандық IT-жобалар туралы жазған едік.