Алаяқтар БҚО тұрғындарына 280 млн-ға жуық теңге шығын келтірген
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері өңір тұрғындарына қатысты 189 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді.

БҚО полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Артур Мұсағалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (160) көп.
Артур Ғайсаұлының сөзіне қарағанда, соның салдарынан тұрғындарға 278 млн 929,113 мың теңге (2024 жылы осы мерзімде – 258 млн 202,952 мың теңге) материалдық шығын келтірілген.
- Банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, жәбірленушінің банк шоттарын қорғау сылтауымен жасалатын алаяқтық ең көп таралып отыр. Жыл басынан бері 122 тұрғын алаяқтықтың осы түріне алданып, сан соғып қалды. Сондай-ақ 38 жалған қызмет көрсету, 8 инвестицияға салым жасау сылтауы, 8 онлайн тауар сатып алу, 3 ақша қаражатын қолма-қол етіп айналдыру сияқты алдау түрі кездесіп отыр. Соның салдарынан түрлі салада жұмыс істейтін 68 адам (28-58 жас аралығындағылар), 53 жұмыссыз (22-56 жас), 42 зейнеткер (62-77 жас), 15 мұғалім (42-54 жас), 8 медицина қызметкері (39-58 жас), 3 мемлекеттік қызметші (46-63 жас) зардап шекті, - деді А.Мұсағалиев.
Оның айтуынша, интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілдері жиілеп кеткен. Яғни алаяқтар жәбірленушілермен бір айдан астам уақыт бойы сөйлесіп, сеніміне кіріп алдайды. Сәуір айынан бері осындай төрт интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Алаяқтар ақпан айынан бастап жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде деген сылтаумен алдап, жәбірленушілердің ақшалай жинақтарын ғана емес, жылжымайтын мүлкін де төмен бағамен сатқызып, қаржысын жымқырған. Мысалы, бір жәбірленуші өзіне тиесілі екі пәтерін сатып жіберген.
- Мұндай алаяқтық салдарынан жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі 75 млн теңгеден асты. Соның ішінде бір адам 36 млн теңге залалға қалды. Алаяқтар дәл осындай сылтаумен Теректі ауданының тұрғынын банк арқылы несие рәсімдеу және жинақтарын шешу жолымен алаяқтық әрекеттердің алдын аламыз деп алдап, бір апта ішінде оның отбасы мүшелері — өзі, жұбайы және туған бауырының 19 млн теңгеден астам ақшасын иемденіп кеткен, - деді басқарма бастығы.
Оның мәлімдеуінше, қазіргі кезде алаяқтық жолмен алынған қаражатты өз шоттары арқылы өткізуге келісім берген адамдар – дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі қаралуда. Дропперлер жәбірленушілердің ақшасын шетелдегі алаяқтардың криптоәмияндарына аударады.
Сонымен қатар қаржы нарығында «Банктер және банк қызметі туралы» Заңға «Салқындату кезеңі» деген жаңа ұғым енгізу жоспарлануда. Бұл бойынша онлайн несие (150 АЕК немесе 589 800 теңгеден жоғары сома) мақұлданғаннан кейін клиент оны тек 24 сағат өткен соң пайдалана алады. Сондай-ақ кепілсіз несие алуға алғаш рет жүгінген азаматтар банкке немесе микроқаржы ұйымына жеке өзі келуге міндетті болады. Қазіргі уақытта бұл Заң жобасы Парламент тарапынан мақұлданды, қол қою сатысында.
- Полиция қабылдап жатқан барлық іс-шараларға қарамастан, бір адам бірнеше рет интернет-алаяқтықтың құрбаны болып жатқан жағдай орын алуда. Мұндай мысалдардың бірі ретінде Бәйтерек ауданының тұрғынына қатысты оқиғаны айтуға болады. Ол 2022 жылы 200 млн теңгеден астам сомаға алаяқтардың арбауына түскен еді. Биыл тағы да 90 млн астам теңгесінен айырылып қалған. Осы ретте алаяқтар ешқашан жәбірленушінің қатысуынсыз несие ресімдей алмайтынын атап өту қажет. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін ең алдымен бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлеспеу керек, - деп түйіндеді ойын А.Мұсағалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыс саны 8 есеге көбейгенін жазған болатынбыз.