БҚО-да отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыс саны 8 есеге көбейген

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы бес айда отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 75 қылмыс тіркелді. 

БҚО-да отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыс саны 8 есеге көбейген
Фото: polisia.kz

БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің мәлім еткеніндей, бұл — өткен жылғы осы кезеңдегіден (9) 8 есеге көп.

Оның айтуынша, мұның себебі — 2024 жылғы шілдеден бастап ұрып-соғу (биыл осындай 51 қылмыс есепке іліккен) және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің (19) әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға ауыстырылғандығы.

— Президентіміз отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмысқа айрықша назар аударып отырғаны мәлім. Осы орайда полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісіне қосымша 35 штат берілді. Тұрмыстық құқық бұзуға адамдар көбінесе мас күйінде барады. Жыл басынан бері осындай 26 қылмыс (2024 жылы бес айда — 3) жасалды, — деді Арман Оразалиев.

Департамент бастығының сөзіне қарағанда, өңірде профилактикалық мақсатта іс-шаралар атқарылып жатыр. Айталық, уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығында мас күйінде 6 736 адам (2024 жылы — 5 815) жеткізіліп, соның 4 207-сі (3 505) айықтыруға орналастырылды.

Арнайы емдеу мекемесінде мәжбүрлеп емдеуге 83 азамат (81) рәсімделді. Сондай-ақ алкогольді ішімдікті ішкені және қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін 3 671 құқық бұзушы (3 707) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Департамент мәліметіне сәйкес жуырда «Алкоголь» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Орал қаласының екі тұрғыны ұсталып, автокөлігін тінту кезінде акцизсіз 170 литр суррогаттық алкогольді өнім тәркіленді. Қазіргі кезде күдіктілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін (282-бап) Орал қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасына материал жолданды.

— Биылғы 1 қыркүйектен бастап әкімшілік жазаның жаңа түрі — қоғамдық жұмыстар енгізіледі, соның ішінде отбасылық-тұрмыстық саладағы заңға қайшы әрекеттер (73-бап) үшін. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мақсатында Орал және Ақсай қаласында екі дағдарыс орталығымен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Оларға 99 әйел көмек сұрап жүгінді, соның ішінде 14-і полиция қызметкерлерінің жолдамасы бойынша орталықтарға орналастырылды, — деді Арман Оразалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жасөспірімдерге қатысты қылмыстың 75 пайызға өсіп отырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар