Алаяқтардың ең басты құралы – адам психологиясы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір интернет алаяқтары айласын асыру үшін түрлі әдістерді пайдаланады. Ең қауіптісі – адам психологиясына әсер ету арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттері.
Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің маманы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
– Қазіргі киберқауіпсіздік саласында фишинг, әлеуметтік инженерия, DDoS және Ransomware шабуылдары жиі кездеседі. Алайда бұлардың бәрі жай құралдар ғана. Киберқауіпсіздіктегі ең осал тұс – адамның психологиясы. Яғни адамның психологиясына әсер ету арқылы кибершабуылдар нәтижеге жетеді. 7– 8 жыл бұрын ақпараттық қауіпсіздік тек технологияларға жасалатын шабуылдармен шектелсе, қазір ол адамның сана-сезіміне, отбасына және жақын туыстарына әсер ету арқылы жүзеге асатын болып отыр, – дейді Дербес деректерді қорғауды дамыту бойынша басқарма басшысы Ырысты Жәлілханова.
Министрлік маманы интернет алаяқтарының ең жиі тараған әдістерін жеке-жеке тоқталды.
– Мысалы, фишинг – алаяқтардың адамды алдау, қорқыту және сенімімен ойнау арқылы жүзеге асыратын тәсілі. DDoS шабуылдары ақпараттық жүйеге мыңдаған сұраныс жасап, құрылғыны қалыпты жұмысынан айырады. Ал әлеуметтік инженерия – адам психологиясының осалдығын пайдаланатын әдіс. Ондағы мақсат – адамды қорқыту, агрессияға жеткізу сияқты психологиялық әрекеттер жасау арқылы адамдарды алдау, – дейді ол.
Айта кетейік, Алматы қаласының полиция департаменті тұрғындарды интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы айтып берді.