Алаяқтарға сенген ақтөбелікті райынан қайтару үшін екі сағат уақыт керек болған
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Банк менеджері несие рәсімдеп, ақшасын алаяққа бермек болған ақтөбелік туралы ақпаратты полицияға хабарлаған. Полиция тұрғынмен екі сағат бойы әңгімелесіп, әрең көндірді.
Оқиға Ақтөбе қаласында тіркелді. Екінші деңгейлі банк менеджері несие рәсімдемек болған адамның қобалжып, қайта-қайта телефонға қарап отырғанын көреді. Сол кезде мән-жайды сұрағанымен, алдында отырған клиент бәрін жоққа шығарған.
— Банкке клиент келіп, 2 млн теңге несие рәсімдемек болды. Ол жөндеу жұмыстарын жүргізуге ақша қажет деп айтты. Сұраныс берді, банк мақұлдады. Бейнебайланысқа шығып, растау қажет болған кезде телефон нөміріне хабарлама келді. Ол жерде біздің банк аталған екен. Сол кезде алаяқтар болуы мүмкін деген күдікпен басшыларға хабар бердім. Олар қауіпсіздік қызметіне хабарлап, полицияға тапсырды, — деді банк менеджері Зарина Ермағамбетова.
Қырағылық танытқан банк қызметкеріне Ақтөбе облысының прокуроры атынан алғыс хат табысталды.
Ақтөбе облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шагировтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде 317 интернет алаяқтығы дерегі тіркелді.
— Полиция қызметкерлері екі сағат бойы түсіндіру жұмысын жүргізді. Ол ұзақ уақыт бойы өзіне ІІМ, Ұлттық банк қызметкері хабарласты деп сенімді отырды. Телефонын көрсетпей, қарсы шықты. Басы айналып қалған адамдай. Кейін бәрін түсірген соң жылап, алғысын айтты. Шығын болмаған соң қылмыстық іс тіркелмеді әрі банк клиенті арыз жазбады, — деді Жәнібек Шагиров.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі жасанды интеллекттің заманауи технологияларын қолданумен байланысты интернет-алаяқтықтың жаңа түрі анықталғанын мәлімдеді. Halyk+ деп аталатын инвестициялық платформаның көмегімен ірі көлемде ақша табуға болады деген жалған ақпарат айтылады.