Алаяқтықтан қорғау: ресми ұйымдар қоңырауы таңбаланатын болды
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев алаяқтықтан қорғау үшін қандай шаралар көзделгенін айтып берді.
Бүгін Мәжіліс телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы 116 түзетуден тұрады және байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімдігін арттыру, телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту, байланыс желілеріндегі алаяқтықпен күресу бағыттарын қамтиды.
Заң жобасындағы үшінші блок телеком-инфрақұрылымды қорғауға және алаяқтықпен күреске арналған.
– Дата-центрлерді стратегиялық нысандар қатарына енгізу және оларды салу немесе іске қосу кезінде хабарлау тәртібін енгізу ұсынылады. Бұл бақылауды күшейтіп, деректер қауіпсіздігін және инфрақұрылымның тұрақтылығын арттырады. Интернет желісіне және IP-телефонияға қол жеткізу қызметтерін лицензиялау талаптары жаңартылып жатыр, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жаңа заң таныстырылымында.
Азаматтарды телефон алаяқтығынан қорғау үшін заңды тұлғалардан қоңыраулар таңбаланатын болады. Бұл абоненттерге ресми қоңырауларды күдіктілерден ажыратуға мүмкіндік береді.
– Абоненттік нөмір мен ұялы телефондарды жақын туыстарынан басқа үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады. Биометриялық аутентификация бойынша нормалар Цифрлық кодекске сәйкес келтіріліп жатыр. Сондай-ақ байланыс құралдарын верификациялау арқылы тіркеу рәсімін жетілдіру көзделген. Бұл заңсыз әкелінген құралдарды пайдалануды азайтады, IMEI-ді ауыстыру арқылы жасалатын алаяқтық тәуекелдерін төмендетеді, – деді сала министрі.
Айта кетейік, Қазақстанда пойыздар мен ұшақтарда интернет қолжетімді болады.
Сонымен бірге, eGov, e-Otinish қызметтері мен Aitu мессенджері тарифсіз қолжетімді болмақ.