eGov, e-Otinish қызметтері мен Aitu мессенджері тарифсіз қолжетімді болады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы 116 түзетуден тұрады және байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімдігін арттыру, телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту, байланыс желілеріндегі алаяқтықпен күресу бағыттарын қамтиды. 

eGov, e-Otinish қызметтері мен Aitu мессенджері тарифсіз қолжетімді болады
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

– Бірінші блокта әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік сервистерге трафигі есептелмейтін, яғни тарифсіз қолжетімділік енгізу қарастырылған. Бұл азаматтарға баланс нөл болса да, негізгі мемлекеттік сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, eGov, e-Otinish, Aitu ұлттық мессенджері жəне өзге де қосымшалар. Оған қоса, төтенше жағдайда жедел әрекет ету үшін «112» қызметіне адамның орналасқан жерін айқындау мүмкіндігі өтеусіз берілмек, - деді Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жаңа заң таныстырылымында.

Байланыс операторлары жұмысының ашықтығын арттыру бойынша нормалар көзделген. Операторлар қаржылық есептілікті, сондай-ақ инфрақұрылымға қол жеткізу тарифтерін жариялайтын болады.

Байланыс сапасын жақсарту үшін ұялы байланыс сигналының күшейткіштері – яғни репитерлерді әкелуге шектеулер енгізіледі. Енді оларды тек байланыс операторлары ғана әкеле алады. Бұл желіге кедергі келтіретін сертификатталмаған құралдарды шектейді.

Сондай-ақ байланыс инфрақұрылымын салу үшін жер учаскелерін бөлу тәртібі жеңілдетіледі. Егжей-тегжейлі жоспарға немесе бас жоспарға міндетті түрде енгізбей-ақ жер беру тетіктері оңтайландырылады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда байланыс желілерін салу мүмкіндігі көзделеді. Бұл шалғай, ауылдық және туристік аймақтарда интернетпен қамтуды кеңейтуге көмектеседі.

Екінші блок телеком-инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Радиожиілік спектрін пайдалануға берілетін рұқсатқа мерзім енгізіледі. Бұл жиіліктерді тиімді бөлуге және бос тұрып қалуын болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Интернет желілері және Интернетке сымсыз тұрақты қолжетімділік сияқты жаңа технологиялар үшін құқықтық негіз қалыптасады.

Виртуалды операторлардың жұмыс шарттары мен спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану талаптары жаңартылады. Бұл жаңа спутник жүйелерін кеңірек енгізуге, шалғай жерлерде интернетті жақсартуға және спутниктік байланыста бәсекені күшейтуге жол ашады.

– Бұл түзетулерді Халықаралық электрбайланыс одағының сарапшылары оң атап өтіп, қабылданып жатқан шаралардың бірегейлігі мен маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ халықаралық транзиттік интернет трафиктің кедергісіз өтуі заң жүзінде бекітіледі. Бұл Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі рөлін күшейтеді, - деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, Қазақстанда пойыздар мен ұшақтарда интернет қолжетімді болады.