Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әлібек Ахметов Ақтөбе облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM – Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Ақтөбе облысы соттарының ұжымына Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қызметке тағайындалған облыстық соттың жаңа төрағасы Әлібек Ахметовті таныстырды, деп хабарлайды ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі.

Әлібек Ахметов Ақтөбе облыстық сотын басқарады
Фото: Жоғарғы сот

Әлібек Ахметовті тағайындалуымен құттықтай отырып, Жоғарғы Сот Төрағасы оның кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қасиеттері облыстық сот жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруға, сот практикасының біркелкілігін нығайтуға және қолжетімді және сапалы сот төрелігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Асламбек Мерғалиев заңның үстемдігі қағидатын мүлтіксіз сақтау, сот шешімдерінің әділдігін қамтамасыз ету, істерді қараудың ақылға қонымды мерзімдерін сақтау және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін одан әрі нығайту қажеттігіне ерекше назар аударды.

Әлібек Молдабекұлы Ахметов 1978 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген.

1999 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген.

2000-2009 жылдары прокуратура органдарында жұмыс істеді.

2009-2016 жылдары – Тасқала аудандық сотының судьясы, одан кейін осы соттың төрағасы, ал 2016-2023 жылдары – Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы,

2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Осыған дейін Ғалым Құлекеевтің Қарағанды облыстық сотының төрағасы болып тағайындалғаны туралы жаздық.