Алда тұрған мақсаттар мен міндеттерді одан әрі нақтыландыра түсетін кез келді - Мырзагелді Кемел

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жылдың 6 қаңтары күні Елбасының республикалық газеттерде «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы жарияланды. Осы мақалада қамтылған мәселелер туралы Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мырзагелді Кемел өз пікірін білдірді.

 Алда тұрған мақсаттар мен міндеттерді одан әрі нақтыландыра түсетін кез келді - Мырзагелді Кемел

- Президентіміз тарапынан «Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» 2005 жылдың 30 мамырында ұсынылған болатын. 30 қарашадағы Президенттің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында да бұл жоспар нақтыланған болатын. Ендігі мәселе жаңа жылдың басы - жоспарды орындаудың практикалық кезеңі болғандықтан, алда тұрған мақсаттар мен міндеттерді одан әрі нақтыландыра түсетін кез келді.

Айта кетер жайт, алдымен осы реформаларды жүзеге асыруға бағытталған 59 Заңның қабылданып, қолданысқа енгізілгені, бұдан былай реформаларды жүргізуге құқықтық кедергі жоқтығы аталып өтілді.

Бірінші - мемлекетті кәсібилендіруге қатысты реформадағы міндеттер.

Бұл бойынша мемлекеттік аппаратты жетілдіруге, тиімділігін арттыруға бағытталған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның жаңа нұсқасы қабылданды.

Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің қызмет сатысында өрлеуі оның біліктілігі мен тәжірибесінің деңгейіне қарай анықталуы белгіленді.

Мемлекеттік қызметшіге еңбекақы мен сыйақы төлеуде бұрынғы теңгермешіліктен арылып, оның атқарған нақты жұмысының көлемі мен сапасына орай анықталмақ. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлу жүзеге асырылатын болды;.

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның негізгі нормалары құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты да қолданылмақ.

Екінші - реформаның мәні құқық тәртібін және заңдылықты орнықтыруға бағытталған.
Ондағы нақты жаңа өзгерістерге тоқталсақ, Жоғарғы сот кеңесі түбегейлі өзгереді, оның өз аппараты, құрамы, өкілеттілігі нақтыланады. Сот төрелігі бес сатылы жүйеден үш сатылы жүйеге - бірінші, апелляциялық және кассациялық жүйеге көшеді. Ірі инвесторлар қатысатын дауларды шешуге арналған мамандандырылған алқа құрылады. Сот жюриі түбегейлі қайта құрылып, ол судьялардың іс-әрекетінде Этикалық кодекстің бұзылу мәселелерін қарайтын болады. Соттардың төрағаларында басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі жойылады. Мемлекеттік сот орындаушылары біртіндеп қысқартылып, жеке сот орындаушылары дамытылады. Сондай-ақ жергілікті полиция қызметі құрылады.

Үшінші реформаторлық бағыт - индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету.

Бұл сала бойынша экономика қызметіндегі транзакциялық (мәліметтер қорының бүтіндігін қамтамасыз ететін операция) шығындар ұдайы қысқартылады. Салықтық және кедендік жүйелер кіріктіріледі, тексерулер оңтайландырылады, электрондық бақылау енгізіледі. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағаны реттеу алынып тасталады, оның орнына монополияға қарсы реттеу мен бақылау құралдары ғана пайдаланылады. 2017 жылы 1,7 миллион мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, ұлттық компаниялардың қызметкерлері декларациялануға жататын болады, 2020 жылы барлық жеке тлғалар декларациялаумен қамтылады.

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау ЭЫДҰ (Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы) тәжірибесіне сай жүргізіледі. 224 мың агроөнеркәсіптік кешен субъектілері бар, солардағы жалға берілген 97,4 миллион гектар жерді өздері сатып алуына, оның үстіне кадастрлық құнының 50 пайызын 10 жыл ішінде бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.

102 млн гектар запастағы жердің ауыл шаруашылығы өндірістін жүргізуге болатын 85,3 млн гектары аукцион арқылы сатылатын болады. «Самұрық-Қазына ҰӘҚ», «Бәйтерек АҚ» және «ҚазАгро АҚ»-тардың мемлекет меншігіндегі аса ірі 65 компаниясы, «Самұрық-Қазына ҰӘҚ», «Бәйтерек АҚ» және «ҚазАгро АҚ»-тардың құрамындағы 173 еншілес және тәуелді ұйымдар бәсекелестік ортаға берілетін болады.

Сонымен қатар тәуелсіз сот жүйесі, ағылшын тілін қолдану және инвестициялық резиденттік қағидатын енгізу құқығымен жаңадан құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы жандандырылады. 7 мың шақырым автомобиль жолдары қайта жаңғыртылады, олар ақы алу жүйесі бойынша жұмыс істейтін болады. Соған байланысты 2022 жылға қарай жол жүруден түскен алымдар 41 млрд теңгені құрайтыны көзделуде.

Транзиттік тасымал 2020 жылы 33 миллион тоннаға (қазір 18 млн), 2030 жылы 50 млн тоннаға дейін ұлғайтылады.

Алматы қаласының маңында халықаралық авиациялық хаб құрылады. Құрылыстың сметалық құнын анықтау ресурстық әдіске көшіріледі, сараптау ісі жеке секторға беріледі.

Төртінші бағыт - ұлт бірлігі.

Бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлттық дәйектілікпен қалыптастыру үрдісі жалғаса бермек. Болашағы Біртұтас Ұлтты дәйекті түрде нығайту жүзеге асырылады. Қзақстан халқы Ассамблеясының қызметі қазақстандық біртектіліктің негізі ретінде жетілдіріле түседі. Мәңгілік Ел жалпыұлттық құндылық ретінде нығая түседі. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы жүзеге асырылады.

Бесінші реформа - Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет.

«Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» біріктіріліп, солардың негізінде «Үкімет - азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы құрылады.

Барлық мемлекеттік қызметшілер өздерінің басшылығы бекіткен жеке жоспарлар бойынша жұмыс атқарады. Мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттарына ревизия және оңтайландыру жүргізіледі.

Алдағы кезде бағдарламаларды жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыру ЭЫДҰ ұсынымдарына негізделген 5 шешуші қағидат - негізділік, сабақтастық, транспаренттілік, мониторинг және бақылауды сақтау арқылы жасалады.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың сауалдары бойынша, мемлекеттік құпиялар мен өзге де заңдармен қорғалатын құпиялардан басқа, мемлекеттік органдардың барлық ақпараттарына қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

2016 жылдан бастап орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда автономды, дербестік, жариялылық, мерзімді ротация қағидаттарына негізделген жаңа Қоғамдық кеңестер құрылады.

4500-ге жуық мемлекеттік функциялар бәсекелестік ортаға және жергілікті өзін-өзі басқаруға беріледі.

Мемлекет басшының ұсынып отырған бес реформасына жан-жақты тоқталған Мырзагелді Кемел: «Жақын онжылдықта жергілікті өзін-өзі басқару органдарына үш деңгейлі (2016-2017, 2018-2020, 2020 жылдан әрі қарай) қосымша өкілеттіктер беріледі. Оның ішінде жергілікті өзін өзі басқарудың өкілді органын құру, халқының саны 2 мың адамнан кем емес елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу мәселелері шешімін табатын болады,- деп сөзін түйіндеді.