Алдағы күндері 36 градус ыстық болады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазгидромет 2-4 маусымға арналған ел бойынша ауа райы болжамын ұсынды.
Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Соның салдарынан жаңбыр жауып, найзағай болады.
2 маусымда Павлодар облысында, 3 маусымда Атырау және Маңғыстау облыстарында, 3-4 маусымда Ақтөбе облысында, 4 маусымда Қостанай облысында қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғуы мүмкін.
Республика бойынша жел күшейеді, ал оңтүстік-батыс пен оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы ықтимал.
Күндізгі ауа температурасы батыста +23…+28°С-қа дейін жоғарылайды. Солтүстік-батыста ауа температурасы +13…+26°С-қа дейін төмендейді. Солтүстік өңірлерде +25…+32°С-қа дейін, республиканың орталығы мен шығысында +27…+36°С-қа дейін жоғарылайды. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы сәл төмендеп, +25…+35°С шамасында болады.
Айта кетелік Еуропаның бірнеше елінде аптап ыстық басталғаны туралы жазған едік.