Еуропаның бірнеше елінде аптап ыстық басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Жаз мезгілі басталысымен, Еуропа елдерінде аптақ ыстық болады. Синоптиктер Испанияда жоғары, бірақ тұрақты ауа температурасы сақталатынын, ал Португалия, Италия және Грецияда аптап ыстық болып, денсаулыққа кері әсері барын ескертті.

Аптап ыстық Германияға жетті
Фото: Рixabay

Euronews мәліметінше, Испанияда ауа температурасы жоғары болғанымен, ол жыл мезгіліне тән қалыпты деңгейден аспайды. Пиреней түбегінің солтүстігі мен орталығында күндізгі температура 30–34°C аралығында болады.

Алайда елдің солтүстік-шығысындағы ойпатты өңірлерде және оңтүстік бөлігінің ішкі аудандарында ыстық қаттырақ сезіледі. Бұл аймақтарда ауа температурасы 36°C-тан жоғары көтерілсе, Гвадалквивир аңғарында 40°C-тан асады.

Жерорта теңізі маңы елдерінде және Пиреней түбегінің батысында ауа температурасы күрт көтеріліп, экстремалды ыстық қалыптасты. Португалияның ішкі және оңтүстік өңірлерінде, соның ішінде Алентежу аймағында, ауа температурасы 40°C-тан асып, рекордтық көрсеткіштер тіркелді. Осыған байланысты күннің ең ыстық мезгілінде сыртта өтетін іс-шараларға қойылатын шектеулерді күшейтті.

Шығысқа қарай Италия аумағында жоғары қысым аймақтары қалыптасып, Сахарадан келетін ыстық ауа ағындары атмосфераның қалыпты айналымын тежеп тұр. Өткен бейсенбіде елдің Денсаулық сақтау министрлігі Рим қаласы мен тағы төрт провинция орталығында ауа температурасының 38°C-қа жуықтауына байланысты қызыл деңгейдегі дабыл жариялады.

Франция астанасында өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирі кезінде ауа температурасы өте жоғары болып, матчтарды өткізу спортшылар мен көрермендер үшін қиынға соқты. Аптап ыстықтан Париж тұрғындары санитарлық қауіптерге қарамастан Сена өзеніне шомыла бастады.

Осындай жағдай Грекияда да байқалып отыр. Құрғақ жел мен орталық жазықтарда 39°C-тан жоғары сақталған температура халық денсаулығына ғана емес, елдің энергетикалық инфрақұрылымындағы су тапшылығының күшеюіне де алаңдаушылық туғызды.

Еуропадағы жаздың басында қалыптасқан бұл аномальды ыстық «жылу күмбезі» деп аталатын метеорологиялық құбылыспен байланысты. Ол жоғары қысым аймағының астында жылы ауаны ұстап тұрып, құрлық бетін салқындатуы мүмкін Атлант мұхитынан келетін ауа фронттарының өтуіне жол бермейді. Соның салдарынан күн радиациясының әсері күшейе түседі.

Аптап ыстықтан Жерорта теңізі маңында орман өрттерінің қаупі күрт артты. Топырақтың ылғалды тез жоғалтуы және көктемде өскен құрғақ өсімдіктердің мол болуы өрт шығу жағдайын өте жоғары, тіпті экстремалды деңгейге жеткізді. Осыған байланысты Пиреней түбегінен Балқанға дейінгі аралықтағы өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтері күшейтілген дайындық режиміне көшті.

Айта кетейік, бұған дейін Еуропаны аптап ыстық жайлап, Ұлыбритания 103 жыл бұрынғы рекордты жаңартқаны туралы жазған болатынбыз.