Алдағы үш күнде ауа температурасы +36°C-ге дейін көтеріледі

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 5-7 мамыр күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады.

ауа райы, люди
Фото: Ағыбай Аяпберегнов / Kazinform

Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райының құбылмалы сипаты сақталады — жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні күшеюі мүмкін.

— 5 мамырда елдің солтүстігінде, 6–7 мамырда батысында қатты жаңбыр күтіледі. Республика бойынша батыс өңірлерде түнгі және таңғы сағаттарда тұман болжанады, — делінген хабарламада.

Республика аумағында ауа температурасының аздаған ауытқуы күтіледі. Елдің оңтүстігінде күндіз температура +22…+32°C-тан +27…+36°C-қа дейін көтеріледі, ал оңтүстік-шығыста +15…+30°C-тан +20…+35°C-қа дейін жоғарылайды.

Айта кетейік, бұған дейін бірнеше облыста төтенше өрт қаупі сақталатынын жаздық.