Алдағы үш күнде ел аумағында циклон әсерінен ауа райы тұрақсыз болады
АСТАНА.KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 25–27 маусымға арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады.
— Республика аумағындағы ауа райын солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктер айқындайтын болады. Осыған байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі, желдің екпінді күшеюі және шаңды дауылдар күтіледі, — делінген хабарламада.
25 маусымда еліміздің солтүстік-батысында және солтүстігінде, 25–26 маусымда шығысында, 26–27 маусымда батысы мен солтүстік-батысында қатты жаңбыр болжанады.
Солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде аптап ыстықтың бәсеңдеуі күтіледі, күндізгі ауа температурасы +23…+28°С-қа дейін төмендейді.
Алайда Қазақстанның оңтүстік және шығыс өңірлеріне Ашхабад маңынан құрғақ әрі жылы ауа массаларының келуі жалғасады. Соның әсерінен бұл өңірлерде ауа температурасы +33…+38°С шамасында сақталып, жекелеген аудандарда өте қатты ыстық +40…+42°С-қа дейін жетеді.
Бүгін Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталады.