Алдағы жылдары Екібастұздағы жылу беру жүйесі толық жаңарады – өңір әкімі

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар мен Екібастұз, Ақсу қалаларын сумен және жылу беру жүйесімен қамтамасыз етуде мәселе жоқ. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлім етті.

Алдағы жылдары Екібастұздағы жылу беру жүйесі толық жаңарады – өңір әкімі
Фото: «Екібастұз жылу-энерго»

– Екібастұз қаласына тоқталсақ, 400 шақырымға жуық жылу беру желісі бар. Жалпы, оның 100 шақырымға жуығы ауыстырылды. Дегенмен, қалған 300 шақырымы ескірген. Жоспар аясында жыл сайын осы желілерді жаңарту ауқымын көбейтеміз. Бұл тұрғыда 2028 жылы толықтай ауыстырылмақ, - деді А. Байханов.

Осы орайда ол қазір қалада жылу беру бойынша мәселе жоқ екенін, яғни барлық тұрғын үйлер қамтылғанын айтты.

– Мұны ескере отырып, қала тұрғындары осы қыстағы жылу беру мусымын ешбір проблемасыз өтеді деп ойлаймын, - деді өңір әкімі.

Сонымен қатар Асайын Байханов 2022 жылы қарашада Екібастұз қаласындағы жылу беру жүйесіндегі апатқа қатысты пікір білдірді.

– Бұл апат бойынша кінәлі адамдар анықталды, техникалық кемшіліктер жойылды. Осы апаттың салдарынан зардап шеккендерге көмек берілді. Бұл оқиғадан кейін өңірдегі қалалардың жылу жүйесіне кешенді талдау жасалды, - деді ол.

Айта кетейік, 2022 жылы 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. 

Еске салсақ, биыл қыркүйек айында Екібастұздағы жылу орталығы дайындық паспортын алуға өтінім бергенін жазған едік. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұзда қазандықтардың істен шығуы жиілеп кеткенін айтты. 

Соңғы жаңалықтар