Алдағы 3 жылда қазақ тілінде оқытатын білім ордаларының саны артады

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Білім және ғылым министрлігі жауапты қызметкерлерінің бірінің аузынан шыққан ҰБТ-ның алынып тасталатындығына қатысты «суыт хабар» халық арасында алаңдаушылық туындатқанын атап өткен-ді.

Алдағы 3 жылда қазақ тілінде оқытатын білім ордаларының саны артады

Осы мәселеге қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған ведомство басшысы Аслан Сәрінжіповті орнынан тұрғызып, қандай да бір реформа орын алар болса, онда халыққа дұрыстап түсіндіру қажеттігін баса айтқан болатын. «Түсіндіру қажет, жоқтан өзгеге халықты дүрліктірмеу керек. Біреу айтты ғой. Бізде, осында отырғандардың қай-қайсысы не болса соны айтады, тіліне ие болмайды. Ал одан кейін барлығы жауап береді», - деп кейіген еді. Сонымен жоғары деңгейде көтерілген, көптің көңіл күпті еткен ҰБТ мәселесіне бүгін соңғы нүкте қойылды. Нақты айтқанда, тестілеу жойылмайды, дегенмен оған бірқатар өзгерту енгізіліп, жетілдірілетіндігі анық. Бұл жайында бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2014-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласы дамуының басым бағыттары жайында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты. «Біріншіден, тестілердің мазмұны қайта қаралатын болады. Тестілер базасынан талаптарға сай келмейтін сұрақтар алынып тасталады. Екіншіден, тестілеу технологиясы өзгертіледі. Компьютерлік тестілеуді енгізу субъектілік факторлардың нәтижеге әсерін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді ол. Сонымен қатар министрдің атап өтуінше, ведомствода оқушылардың 1 жылдың ішінде бірнеше қайтара тест тапсыру мүмкіншілігін пысықтау жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұдан бөлек, аталған өзгертулер аясында толыққанды жауаптар мен шешімдерді талап ететін, жаңа буын тестілерін байқап көру әрі енгізу көзделіп отыр. Осылайша, ұлттық тестілеудің білімді бағалаудан құзіреттілікті бағалауға көшуі жүзеге асырылмақ. Осы жиын барысында А.Сәрінжіпов жоғары оқу орындарын мемлекет меншігінен алу қажеттігін көтерді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда еліміздегі жоғары оқу орындары жоспарлы жүйенің ескірген ұстанымдары негізінде жұмыс істеуін жалғастырып келеді. Ал жоғары білім Білім және ғылым министрлігі тарапынан беріліп, реттеледі. Яғни, ЖОО-лар коммуналдық кәсіпорындар ретінде жұмыс істеп, мемлекет атынан қандай да бір мемлекеттік қызметті төменгі баға бойынша көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік кәсіпорын нысанындағы жоғары оқу орындарының қызметтері 16 кодекспен және 48 заңмен реттеледі. Білім беру мазмұны болса, оған ҚР БҒМ өкілеттігін білім туралы заңмен бекіту арқылы жүзеге асырылады. «Жүйелі шешім ұсынамыз - ЖОО-ларды мемлекет меншігінен алу, оларға ЖОО-лар арасында ресурстар үшін бәсекелестікті, сондай-ақ нарықтық жағдайда студенттер арасындағы бәсекелестікті күшейту үшін дербестік беру қажет», - деді еліміздің бас ұстазы. Бұл ретте А.Сәрінжіповтің айтуынша, жоғарыда аталған жайттарды реттеу үшін ЖОО-ларды дамытудың жеке бағдарламасының жаңа ұйымдастыру-құқықтық формасы, қаржыландыру, нәтижеге бағдарлану, алқалық басқару және жемқорлықпен күрес қажет. Бұл болжамды шаралар Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі ұстанымын арттыра түсуі тиіс. Айта кетерлігі, адам капиталының дамуы елімізге келешекте ғылыммен тығыз ұштасқан экономиканы және бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудың берік іргетасын қалауға мүмкіншілік берері сөзсіз. Сондықтан да алдағы 3-4 жылдың ішінде білім жүйесінің құрылымдық және мағыналық тұрғыдан дамыған мемлекеттердің деңгейіне жеткізу барысында саяси еркіндік және ресурстар негізінде айқын мақсаттар қойып, оларды нақты жүзеге асыру қажет. Ал бұл мақсаттарға қол жеткізу жолында білім беру саласының дамуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелі мәселелерді шешу күн тәртібіне шығып отырғандығы рас. Мәселен, 90-жылдары тоқырап қалған бала туу көрсеткіші кейінгі жылдары күрт көтерілген болатын. Сондықтан да алдағы уақытта бұл жайт мектептердегі бала санының арта түсуіне түрткі болмақ. Мәселен, министрдің статистика мәліметтеріне сүйене отырып алға тартқан деректеріне қарағанда, Қазақстан халқының табиғи өсімі 2020 жылға қарай тұрақталады екен. Сәйкесінше, тұрақтану орнағаннан кейін 2025 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру және бастапқы мектеп оқушыларының саны артпақ. «Орта білімге қатысты айтар болсам, онда 11-15 жас аралығындағы балалар тобы қазіргі уақытта төменгі нүктеде тұр және таяу аралықта белсенді өсім көрсете бастайды. Қазіргі уақытта кәсіби техникалық және жоғары білім саласында құлдырау байқалады. Бұл 1990 жылдардағы демографиялық ахуалдың төмендеуімен байланысты жайт. Бұл құлдырау шамамен 2020 жылға дейін жалғасады. Ал одан кейін жоғары және кәсіби техникалық білім беру салаларындағы балалар саны күрт өсе бастайды», - деді ол. Министрдің аузынан шыққан тағы бір дерек: мектеп жасына дейінгі балаларды сапалы біліммен қамту мәселесіне қатысты болды. Бұл орайда ол алдағы үш жылдың ішінде білім беру мазмұнын жақсарту үшін мектепке дейінгі білім беру бағдарламаларын 30 пайызға және жоғары білімі бар педагогтар пайызын 30-ға дейін жеткізу жоспарланып отырғандығын баса айтты. Жалпы, Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасының жемісін көрген балалы отбасылардың қатары артып келеді. Өйткені, қазіргі таңда 3-6 жас аралығындағы балалардың 70 пайызы балабақшамен қамтылған. «Бұл жұмыстарды жалғастыру қажет. Дегенмен, бағдарламалардың сапасына, тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға назар аудару керек. Бұл ретте біз 2016 жылы, яғни 3 жылдан кейін «Балапан» бағдарламасы бойынша 80 пайыздық қамту көрсеткішіне қол жеткізу міндетін қойып отырмыз. Сәйкесінше, мектепке дейінгі ұйымдар саны шамамен 10 мың болуы тиіс», - деді министр. Сондай-ақ ол 2016 жылға дейін қазақ тілінде білім беретін оқу орындарының саны артатындығын айта келе, нақты деректерді де алға тартты. «Біз қазақ тіліне зор көңіл бөлетін боламыз. Мемлекеттік тілде білім беретін оқу орындарының саны арта түседі. Мектепке дейінгі білім беру саласында мұндай ұйымдар саны 2 мыңға дейін, орта білім беруде 4 мыңға дейін жеткізілсе, техникалық және кәсіптік білім беру саласында олардың саны 50-ге артады», - деді А.Сәрінжіпов. Аталған мәселені қорытындылаған Үкімет басшысының атап өтуінше, мемлекет педагогикалық ресурстардың дамуына және олардың біліктілігін арттыруға барынша зор көңіл бөлуде. Педагогикалық кадрларды дайындау жүйесі де қайта қарастырылуда. «Дегенмен, аталған кадрлардағы дисбаланс - бұл, білім беру жүйесіндегі әлсіз педагогтардың болуынан ғана орын алмауы мүмкін. Бұл ретте, мықты, жас, талантты педагогтардың жағдай жасап, жоғары жалақы төлейтін басқа салаларға кетіп жатқандықтарын атап өту қажет», - деді С.Ахметов. Сонымен қатар Премьер-Министр ресурстық орталықтар құру мәселесі маңызды бағыт екендігін, дегенмен ресурстық орталықтарда ықшам мектептердің балаларын оқыту үшін жағдай болуы тиістігін айта келе бұл жұмыстарға өңірлерді дамыту бағдарламасының ауылдық аумақтарды қолдау бойынша жаңа бөлігі аясында Өңірлік даму министрлігі араласуы тиістігін баса айтты.