Алдағы екі жылда жаңартылатын энергетика саласында елуге тарта жобаның құрылысы басталмақ

Бүгін Парламент Cенатының жалпы отырысында «Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысын ратификациялау туралы» құжатты талқылау барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.
Ведомство басшысының айтуынша, соңғы 3 жылда Қазақстанның жаңартылатын энергетика саласында 27 жоба қолданысқа енді. Оның ішінде 18-і су электр стансасы, жел және күн энергетикалары мен биогаз қондырғылары бар.
«Ал қазір Мәжілісте талқыланып жатқан жаңа заң жобасында жаңартылатын энергетика саласын дамытуға қосымша шаралар, кеңірек мүмкіндіктер қарастырылады. Соның арқасында біз жақын аралықтағы екі жыл ішінде елу шақты жобаның құрылысы басталады деп үміттенеміз. Бұл ретте Қазақстанның балама қуат өндірісінде ең алдымен өзіндік құны арзан саналатын жел энергетикасының әлеуеті зор болмақ», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.