Алдағы жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлер аталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы жылу беру масымына білім беру нысандарының 88 пайызы дайын. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдағы жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлер аталды

«Қазір әлеуметтік объектер мен тұрғын үйлерді жылу беру кезеңіне дайындау жұмыстары атқарылып жатыр. Білім беру нысандарының дайындығы 88 пайыз (жоспар – 10 677, нақты – 9 399). Дайындықтың төмен қарқыны Маңғыстау (52,1%), Алматы (64,4%) және Жамбыл (77,8%) облыстарында байқалды.

Оқу жылының басталуына бір аптадан аз уақыт қалғанын ескерсек, осы өңірлерде жедел іс-шаралар қабылдау қажет», - деді І. Оспанов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау нысандары бойынша дайындық 88,6 пайыз, яғни 5 661 нысанның 5 015-і дайын. Алматы (58,1%), Маңғыстау (68,6%) облыстарында және Алматы қаласында (74,2%) төмен көрсеткіштер байқалды.

«Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары 37 555 үйде аяқталды, бұл жоспардың 75,1%-ы (барлығы 50 021 үй). Маңғыстау (26,1%), Алматы (61,4%) облыстарында және Шымкент қаласында (68,5%) тұрғын үй дайындығының төмен қарқыны анықталды», - деді вице-министр.