Александр Бублик Аустриядағы турнирде чемпиондық атағын қорғай алмады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Аустрияның Кицбюэль қаласындағы ATP 250 турнирінің финалында өнер көрсетті.
Қазақстандық теннисші өткен жылы осы жарыста чемпион атанған еді.
Доданың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик финалда әлемдік рейтингіде 83-орындағы франциялық Кентен Алиске тап келді.
Бірінші партияда франциялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. Ол екінші сетте де тай-брейкте есесін жібермеді — 7:6 (8:6).
Бір сағат 33 минутқа созылған бәсекеде Бублик 6 эйспен ғана көзге түсті. Франциялық теннисші 17 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Осылайша, А.Бублик өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмады. Дегенмен финалға дейін жеткенінің нәтижесінде ATP Live рейтингісінде 11-орнын сақтап тұр.
Тағы бір қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Гамбург (Германия) WTA 250 турнирінің финалынан тыс қалды.
Ж.Құламбаева латвиялық Дарья Семенистаямен бірге жартылай финалда словениялықтар Далила Якупович — Ника Радишичке жол берді — 2:6, 1:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Германиядағы турнирде жарыстың 2-ракеткасын жеңгенін жазған едік.
Сондай-ақ Александр Бублик екінші жыл қатарынан Аустриядағы турнирдің финалына шықты.