Александр Бублик екінші рет қатарынан топырақ төсенішіндегі турнирдің финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Александр Бублик Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің финалына жолдама алды.

Александр Бублик
Фото: ҚТФ

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингіде 103-орында тұрған нидерландылық Ботик ван де Зандсхулппен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Бублик брейк жасап, сосын өз мүмкіндігін жібермеді – 6:3.

Есесіне екінші сетте Зандсхулп 3:0 есебімен алға шықты. Дегенмен Бублик қайыра екі брейк жасап, ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Бір сағат 19 минутқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 9 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Зандсхулп 2 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, қазақстандық теннисші қатарынан екінші рет топырақ төсенішіндегі турнирдің финалына өтті. Бұдан бір апта бұрын ол Гштаад (Швейцария) ATP 250 жарысында жеңімпаз атанған еді.

Александр Бублик финалда рейтингіде 100-сатыдағы франциялық Артур Казомен чемпиондық атақты сарапқа салады. А.Казо жартылай финалда әлемнің 65-ракеткасы, отандасы Артур Риндеркнештен басым түсті – 7:5, 6:3.

А.Бублик Гштаад додасының жартылай финалында А.Казоны жолдан тайдырған еді – 6:1, 7:5.
Аустрияда өнер көрсетіп жатқан қазақстандық теннисші 26 шілде – 7 тамыз аралығында өтетін Торонто (Канада) мастерс турниріне қатысудан бас тартты. Оны испаниялық Пабло Карреньо-Буста алмастырады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жастағы Әмір Омархановтың алғаш рет Қазақстан чемпионатының финалына өткенін жазған едік.

Сондай-ақ Зарина Дияс Португалиядағы жарыстың жартылай финалына өтті. 

Соңғы жаңалықтар