Александр Шевченко Аделаида турнирінде азулы қарсыласын камбэкпен жеңді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 104-ракеткасы Александр Шевченко Аделаида (Аустралия) ATP 250 турнирінің екінші айналымына өтті.

Александр Шевченко Аделаида турнирінде азулы қарсыласын камбэкпен жеңді
Фото: ҚТФ

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 66-ракеткасы, босниялық, 33 жастағы тәжірибелі Дамир Джумхурмен бетпе-бет келді.

Бірінші партияда босниялық спортшы 6:4 есебімен басымдылық танытты. Бұдан кейін Шевченко ойын тізгінін қолына алып, камбэк жасай білді – 6:4, 7:5.

Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде А.Шевченко 7 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Джумхур 1 эйс, 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 55-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучович немесе рейтингіде 78-орындағы америкалық Итан Куинның қай жеңгенімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның теннистен әлемдегі үздік елдердің қатарына енгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар