Александр Шевченко Швейцариядағы турнирде қарсыласын камбэкпен ұтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 100-ракеткасы Александр Шевченко Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемдік рейтингіде 132-орындағы франциялық Александр Мюллермен өткізді.
Алғашқы партияда франциялық спортшының басымдылығы байқалды — 6:3.
Дегенмен бұдан кейін А.Шевченко камбэк жасай алды — 6:3, 6:4.
Бір сағат 59 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші 13 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Мюллер 3 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін рейтингіде 360-сатыдағы швейцариялық Доминик Стрикермен таласады.
Осы жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Александр Бубликтің қарсыласы анықталды. Доданы екінші айналымнан бастайтын А.Бублик әлемнің 90-ракеткасы, тағы бір франциялық Кентен Галиды сынап көреді.
А.Шевченко мен А.Бублик қарсыластарын жеңген жағдайда ширек финалда өзара кездеседі.
Гштаад жарысының жүлде қоры 612 620 еуроға бағаланған. Жеңімпаз 93 175 еуроға қоса 250 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.
Өткен жылы мұнда А.Бублик чемпион атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның әлемдік рейтингіде 26 сатыға жоғарылағанын жазған едік.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Румыниядағы жарысты жеңіспен бастады.