Александр Шевченко Швейцариядағы турнирдің ширек финалында ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 100-ракеткасы Александр Шевченко Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 360-орындағы корт иесі Доминик Штефан Штрикермен бетпе-бет келді. Бұл қос спортшының өзара алғашқы кездесуі еді.
Бірінші партияда тай-брейкте А.Шевченконың асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:5). Екінші сетте ол 2:0, 4:2 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.
Небәрі 56 минутқа созылған бәсекеде Шевченко 9 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін құр жіберген жоқ. Штрикер 5 эйс, 1 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Шевченко жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 90-орындағы франциялық Кентен Алиспен таласады. Франциялық теннисші екінші айналымда әлемнің 11-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы Александр Бубликті жеңіп кетті – 6:7 (4:7), 6:4, 7:6 (7:5).
Кеше қос ойын да жаңбырға байланысты кейінге қалдырылып, бүгін аяқталды. Осылайша, А.Бублик өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Румыниядағы турнирдің жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.