Алексей Власов: Жаңа Конституция тиімді мемлекеттік басқаруға негіз болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуі елдің терең саяси жаңғыру кезеңін бастайды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында Ресейлік Әлеуметтік зерттеулер сараптамалық институты департаментінің директоры Алексей Власов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңартылған Ата заңның күшіне енуі Қазақстанның қазіргі тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі, өйткені ол мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды жаңартуға негіз қалайды.
— Алдағы айларда Қазақстан маңызды институционалдық өзгерістер кезеңінен өтеді. Жаңа Парламентке сайлау өткізіліп, Халық кеңесі құрылады, вице-президенттің кандидатурасы айқындалады. Мұның бәрі мемлекеттік билікті ұйымдастырудың жаңа моделіне көшуді білдіреді, — деді сарапшы.
Алексей Власовтың пікірінше, бұл тек мемлекеттік институттардың құрылымдық өзгерістері ғана емес, сонымен қатар ауқымды кадрлық жаңаруды да қамтиды.
— Атқарушы және заң шығарушы билік құрамында да елеулі өзгерістер болуы әбден мүмкін. Жаңа басқарушылардың келуі жүргізіліп жатқан реформаларға қосымша серпін беріп, ел басшылығы белгілеген міндеттердің тиімді жүзеге асуына ықпал етеді, — деп атап өтті ол.
Сарапшының айтуынша, конституциялық реформаның басты мақсаты — мемлекеттік басқарудың анағұрлым тиімді әрі әділетті моделін қалыптастыру.
— Жүргізіліп жатқан барлық өзгерістер Әділетті Қазақстанды — әділдік, ашықтық және азаматтар үшін тең мүмкіндіктер қағидаттарына негізделген мемлекетті құруға бағытталған, — деді Алексей Власов.
Сонымен қатар сарапшы ауқымды реформаларды жүзеге асыру уақыт пен барлық мемлекеттік институттардың жүйелі жұмысын талап ететінін айтты.
— Конституциялық нормаларды іс жүзінде жүзеге асыру бірден жүзеге асатын үдеріс емес екені анық. Дегенмен жаңа Конституция ережелерін дәйекті түрде іске асыру қоғам сұранысына сай келетін заманауи мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған елді жан-жақты жаңғырту және тең мүмкіндіктер мемлекетiн құру бағытын табысты жүзеге асыруда қазақстандық әріптестерімізге сәттілік тілеймін, — деп түйіндеді сарапшы.