Әлем чемпионаты: Футзалдан Қазақстан құрамасы Румынияны жеңді
Футзалдан Қазақстан құрамасы бүгін, 20 желтоқсанда әлем чемпионаты элиталық іріктеу сатысында соңғы ойынын Румынияға қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Ел құрамасы А тобында сынға түсті. Қарсыластары – Румыния, Әзербайжан және Нидерланд.
Алтыншы турда қазақстандық футзал шеберлері Румынияны 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Ел құрамасынан Шыңғыс Есенаманов 8, Біржан Оразов 26-минутта мергендік танытты.
Ел құрамасы бұған дейін Румынияны 4:3, екі мәрте Нидерландты 2:0, 2:0, Әзербайжанды 4:2, 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Алты турдан кейін 18 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы турнир кестесінде бірінші орын алды. Олар бір тур бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысына жолдамаға қол жеткізген еді.
Айта кетсек, ел құрамасы әлем чемпионатының финалдық сатысында 2000, 2016, 2021 жылдарда сынға түсті. Олар 2021 жылы 4-орынға табан тіреді.