Әлем чемпионаты: грек-рим күресінен екі қазақстандық балуан күміс алды
АСТАНА. KAZINFORM - Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық балуандар екі күміс медаль алды.

Грек-рим күресінен Алпамыс Болатұлы (51 келі) финалда америкалық Джэйден Рэйниден 5:7 есебімен жеңіліп, күміс медаль иеленді.
Сондай-ақ Еркебұлан Анапия (80 келі) финалда нейтралды спортшы Михаил Шкаринге 0:3 есебімен жол беріп, екінші орынға жайғасты.
Ал 48 келіде қола медальға таласқан Едіге Төлеутаев 1:3 есебімен әзербайжандық Амрах Амраховтан жеңіліп, жүлдеден тыс қалды.
Аталған додада қазақстандық балуандар толық құрамда сынға түседі. Атап айтсақ, грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жалпы 30 балуан ел намысын қорғамақ.
Еске салсақ, өткен жылы аталған әлем біріншілігі 31 шілде мен 6 тамыз аралығында Ыстанбұл қаласында өткен болатын. Онда отандастарымыз 1 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізді.