Әлем чемпионаты: Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Италияға есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты IIA дивизионында екінші ойынын Италияға қарсы өткізді.

Біздің хоккейшілер үшін Италия құрамасы қолайсыз қарсылас болып отыр. Қазірге дейін екі құрама алты мәрте кездесіп, бесеуінде италиялық хоккейшілер жеңіске жеткен еді.
Бүгінгі ойын барысында да қазақстандықтар қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді. Италия құрамасы осылайша биылғы чемпионатта екінші мәрте үш ұпайға қол жеткізді.
Олар бұдан бұрын Словенияны 12:0 есебімен тізе бүктірсе, біздің құрама Оңтүстік Кореядан 4:2 есебімен басым түсті.
Ел құрамасы енді 12 сәуірде Ұлыбританиямен ойнаса, 13 сәуірде Латвия, 15 сәуірде Словениямен мұзайдынға шығады.
Ойындар Ұлыбританияның Дамфрис қаласында өтіп жатыр.
Бұл топтан IA дивизионына жалғыз жолдама беріледі. Аталған дивизионда ел құрамасы 2005, 2007, 2009, 2024 жылдарда бақ сынаған еді.
Еске салсақ, қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатына дайындық аясында өткен жолдастық кездесуде Ұлыбританиядан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.