Әлем чемпионаты: Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Словенияны жеңді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты IIA дивизионында бесінші ойынын Словенияға қарсы өткізді.

хоккей
Фото: icehockey.kz

Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер басымды танытты. Дегенмен бірінші кезеңде қарсылас қақпасына небәрі бір ғана шайба енгізді. Оны Екатерина Куценко 12-минутта өзінің еншісіне жазды.

Екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер қатарынан бес шайба соқты. Ел құрамасынан Дария Молдабай 25, 36, Анна Пяткова 33, Пернеш Әшімова 35, Александра Воронова 37-минутта мергендік танытты.

Ал үшінші кезеңде қазақстандық Анастасия Оразбаева 44, Татьяна Королева 48-минутта гол соқса, Екатерина Куценко 59-минутта тағы бір мәрте көзге түсті.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласын 9:1 есебімен жеңіп, аталған турнирді төртінші орынмен аяқтады.

Ел құрамасы бұдан бұрын Оңтүстік Кореяны 4:2 есебімен тізе бүктіріп, Италия мен Ұлыбританиядан 0:2, Латвиядан 3:7 есебімен есе жіберді.

Қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионаты IA дивизионында 2005, 2007, 2009, 2024 жылдарда бақ сынаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар