Әлем чемпионаты: Хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Словениядан жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын Словенияға қарсы өткізді.

Екі құрама қазірге дейін екі мәрте кездескен еді. Екеуінде де қазақстандық хоккейшілер жеңіске жеткен болатын. Сондықтан бүгінгі ойында олар ешбір қиындықсыз үш ұпай алады деген ойда болды.
Кездесу барысында қазақстандық Айтуар Нұржанов 6-минутта есеп ашты. Одан кейін біздің құрама өз қақпасына қатарынан екі шайба жіберіп алды.
Үшінші кеезңде қазақстандық Бексұлтан Мақыш 41-минутта мергендік танытып, таразы басын теңестіріп кетті.
Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллиттен Словения басымдық танытты.
Қазақстандық хоккейшілер бірінші дивизионының А тобында сынға түседі. Қарсыластары — Дания, Венгрия, Словения, Австрия және Украина.
Енді ел құрамасы 21 сәуірде Венгрия, 23 сәуірде Дания, 24 сәуірде Австрия, 26 сәуірде Украинамен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын шайбалы хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Австриядан жеңіліп қалды.