Әлемде тұмаудың жаңа толқыны: ерекше мутацияланған індет қауіпті болып тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемнің ондаған елінде тұмаудың жаңа толқыны тіркелді. Мамандардың айтуынша, биылғы маусымдағы аурулардың басым бөлігі H3N2 вирусының бұрын сирек кездескен, қауіпті К субкластеріндегі жаңа мутацияланған штамымен байланысты, деп хабарлайды BBC News.

тұмау
Фото: Pixabay

Алғаш рет Австралия мен Жаңа Зеландияда анықталған вирус кейін Жапония мен Ұлыбританияда жаппай таралып, қазір әлемнің 30-дан астам мемлекетінде тіркеліп отыр. Бұрын бұл штамм тым сирек кездескендіктен, халықтың оған қарсы иммунитет деңгейі жеткіліксіз.

Ұлыбританияда ғана әр апта сайын мыңдаған науқас ауруханаға түсуге мәжбүр болған.

Вирусологтар тұмау вирусы үнемі өзгеріп отыратынын айтады. Әдетте мутациялар ұсақ әрі баяу жүреді, алайда H3N2 штамында бірден жеті мутация байқалған.

Кембридж университеті Патогендер эволюциясы орталығының директоры Дерек Смит бұл штаммның әлем бойынша жаппай таралуы мүмкін екенін айтты.

Жаңа штамм қаншалықты қауіпті?

Сарапшылар симптомдар классикалық тұмаудан айтарлықтай ауыр болмауы мүмкін екенін айтады. Иммунитеттің төмендігіне байланысты жұқтыру деңгейі өте жоғары болады.

Науқастарда қызу, дене ауруы, шаршау байқалады, ал қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдар үшін вирус қауіпті.

«Мұндай вирусты көптен бері көрмедік. Динамикасы ерекше. Уайым бар, бірақ дүрбелеңге түсуге болмайды», – деді Ұлыбританиядағы Дүниежүзілік тұмау орталығының директоры Никола Льюис.

Мамандардың түсіндіруінше:

  • Жаңа індет – біртіндеп басталады, мұрын бітелуі мен тамақ ауруы тән.

  • Тұмау – күрт басталады, қызу, дене ауруы, бұлшықет әлсіздігі байқалады.

  • Ковид – тұмауға ұқсас, бірақ жиі иіс пен дәм сезу жоғалуы, қатты тамақ ауруы және асқазан-ішек бұзылысы қатар жүруі мүмкін.

Қалай қорғануға болады?

Сарапшылар вакцинация ең тиімді қорғаныс әдісі екенін айтады. Қазіргі вакциналар жаңа штамға толық сәйкес келмеуі мүмкін, бірақ «аз да болса қорғаныс болады» дейді мамандар.

Оксфорд университетінің профессоры Кристоф Фрейзер вакцина биыл толық сәйкес келмегенімен, ауыр симптомдарды жеңілдетуге көмектесетінін айтты.

Мамандар карантиндік шаралардың да маңызын атап өтті: Жапония мен Англияда кейбір мектептер уақытша жабылған.

Ұлыбритания ауруханаларында жүктеме артты

Ұлыбританияда желтоқсанның алғашқы аптасында күніне орта есеппен 2660 адам тұмаумен ауруханаға түскен. Бұл – қарашаның соңымен салыстырғанда 1,5 есе артық.

Дәрігерлердің болжамынша, 14 желтоқсанға қарай тәуліктік көрсеткіш 5-8 мың адамға жетуі мүмкін. Қазіргі рекорд – 5400 науқас (маусымдық тұмау кезінде).

Елдің түрлі өңірлерінде ауру өсімі байқалып, көптеген ауруханалар мен мектептерде маска тағу міндетті етілген.

Айта кетейік, бұған дейін тұмаудың жаңа түрі Еуропада алаңдаушылық тудырып жатқанын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар