Әлемдік экономикалық дағдарыс ықпалдастыққа баламаның жоқ екенін көрсетті - Н.Назарбаев
СКЕУ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат - Әлемдік экономикалық дағдарыс ықпалдастыққа баламаның жоқ екенін көрсетті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Үкімет басшысы Владимир Путинмен болған кездесуде осылай мәлім етті, деп хабарлайды РФ Үкіметінің ресми сайты.
«Біз құдай қосқан көршіміз. Ал көршіні таңдамайды. Біздің ата-бабаларымыз қатар өмір сүрген, бізден кейінгілер де қатар өмір сүретін болады. Ал мемлекет басшыларының міндеті - бірліктің, достықтың, мәдени, эмоциялық, дәстүрлі бірлестіктің қалыптасқан үлгісін кейінге ұрпақтарға жеткізу. Және бұл достықтан халықтарымыз тек ұтады, мен оған сенімдімін», - деді Қазақстан Президенті өз сөзінде.
Н.Назарбаевтың атап көрсетуінше, экономикалық дағдарысты еңсерудегі «біздің ортақ міндеттеріміз: тауар айналымы бойынша, біздің көлік дәліздеріміз бойынша, көптеп құрып отырған бірлескен кәсіпорындар бойынша, ресейлік компаниялар қазір Қазақстанға салып отырған инвестициялар бойынша (4 миллиардқа жуық) атқарылуда».
«Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану мәселесіне тоқталған Қазақстан Президенті: «онда бізбен бірге Ресей болған жағдайда ғана, ол (ғарыш айлағы - ҚазАқпараттың түсініктемесі) жұмыс істей алады және пайдалы болады», - деді.
«Ядролық технологиялар саласында, біздің елдеріміздің атом өнеркәсіптерінде ынтымақтастықтың басқа да мәселелері бар. Олардың барлығы перспективалы және өте маңызды мәселелер», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.