Әлемдік экономикалық өсу қарқыны төмендеген жағдайда атаулы әлеуметтік көмектің жүйесі жаңартылатын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік көмек, әр отбасының табысына байланысты, тек оған мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан - 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» жаңа Сайлауалды бағдарламасының жобасында атап өтілген. Аталған бағдарлама партияның бүгінгі съезі барысында қабылданатын болады.

Әлемдік экономикалық өсу қарқыны төмендеген жағдайда атаулы әлеуметтік көмектің жүйесі жаңартылатын болады

«Жаһандық сын-қатерлер халықтың жекелеген топтарының өмір сүру деңгейін төмендетуге қатер төндірген жағдайда мемлекет оларды қорғаудың шараларын қарастырып қойған. Әлемдік экономикалық өсу қарқыны төмендеген жағдайда атаулы әлеуметтік көмектің жүйесі жаңартылатын болады. Әлеуметтік көмек, әр отбасының табысына байланысты, тек оған мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Егер отбасында еңбекке қабілетті адамдар бар болса, онда атаулы көмек олардың өңірлерде жүзеге асырылатын еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысқан жағдайда тағайындалады»,-делінген Сайлауалды бағдарламасының жобасында.

Сонымен қатар құжатта көпбалалы және аз қамтылған отбасылар қазір беріліп жүрген әлеуметтік төлемдер түрлерінің жалпы сомасына тең көлемде бір ғана жәрдемақы алатыны атап өтілген.

«Алынатын көмектің көлемін арттыру үшін кедейлік шегі күнкөріс минимумы көлемінің 40-тан 50 пайызына дейін көтеріледі. Оның үстіне күнкөріс минимумының өзі халықтың азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге іс жүзіндегі шығыстарын есепке ала отырып, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қайта қаралатын болады»,-делінген бағдарлама жобасындағы тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарын қолдау бөлімінде.