Әлемдік 86 университеттің грантын жеңіп алған Айсұлтан Италияда білім алғысы келеді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Арыстық түлек 4 614 000 АҚШ доллары көлемінде грант жеңіп алды.

Арыс қаласында орналасқан «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Айсұлтан Алтынбек қазақстандық оқушылар арасында рекорд орнатты. Қазірдің өзінде оны әлемнің үздік 86 университеті оқуға шақырып отыр. Олардың арасында АҚШ, Мажарстан, Ұлыбритания, Испания, Малайзия, Аустралия, Канада, Германия және Оңтүстік Корея мемлекеттеріндегі халықаралық деңгейде беделге ие 10 жетекші университет бар. Атап айтар болсақ, Budapest University of Technology and Economics, Eötvös Loránd University, University of East London, Albion College, Hampshire College, Drexel University, DePaul University, CU Boulder (University of Colorado Boulder), Drake University, Temple University секілді оқу орындарының арыстық түлекке таңдауы түскен. Бұл жоғары оқу орындары ғылым, технология, бизнес және әлеуметтік ғылымдар саласында алдыңғы қатарда.
– Интернет арқылы тест тапсырдым. Сондай-ақ кейінгі жылдардағы сабақ үлгерімімнің нәтижелерін тест қорытындысына қосып, оқу орындарының пошталарына жолдадым. Қазіргі кезде көпшілігінен шақырту алып отырмын. Негізі өзімнің бала күнгі арманым Венгрияда оқу еді. Дегенмен бұл ойымнан қазір айнып отырмын. Бүгінгі таңдауым Италия мен Малазия мемлекеттеріне түсті, - дейді Айсұлтан.
Түлек болашағын ІТ саласымен байланыстырғысы келеді. Бұл жолда көп ізденіп, көп еңбектеніп жүр. Ал, арманы – қазақ тілінде сайт жасау. Бұл платформа арқылы шетелде білім алуды армандайтын түлектерге көмек бермек. Халықаралық емтихандарға дайындық, құжаттар жинау және университет таңдау бойынша ақпарат осы жерде шоғырланады.
– Қарапайым ауыл мектебінде оқитын балаларға көмекші құрал қажет. Олар да шетелде оқығысы келеді. Бірақ жолын білмейді. Мен қолға алып отырған жобада әрбір оқушылар өз ана тілінде ақпаратты еркін алатын болатын. Сонымен қатар шетелде оқу бойынша түрлі кеңес беремін, - дейді ол.
Айсұлтанға ұсынылған жалпы грант сомасы – 4 614 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл хабарды алғаш естігенде қатты қуанғандардың бірі ата-анасы болған.
– Үйде жалпы жеті ағайындымыз. Менен кейінгі екі қарындасым бар. Бірі Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Екінші қарындасым – бірінші сыныптың оқушысы. Ал, менен үлкен ағаларымның баршасы өз алдына отау құрып шыққан. Менің шетелде оқуыма туыстарым мен ата-анам ешқандай қарсы болған жоқ. Қайта қолдау білдіріп, көмегін беріп жатыр, - дейді ол.
Ал, Айсұлтанның сынып жетекшісі Ерайдын Пайызхан шәкіртінің болашағынан үлкен үміт күтеді.
– Айсұлтан «шетелге оқуға түсем» деген алдына мақсат қойған болатын. Мақсатына жетті. Бұл – оның табандылығының, ата-анасының қолдауы мен ұстаздарының еңбегінің нәтижесі. Бұл табыс стратегия мен қажырлы еңбек кез келген есікті ашатынын дәлелдейді. Біз осындай шәкіртімізбен мақтанамыз. Оның жетістігі құрдастарына да шабыт берді, - дейді Ерайдын Пайызхан.
Айта кетейік, бұдан бұрын Абай облысында 10-сынып оқушысы бір аптада ерекше мобильді ойын жасап шығарғанын жазған болатынбыз.