Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: $60 млрд инвестиция, «Лукойл» саудасы және Израильмен байланыс
АСТАНА. KAZINFORM – Қаңтардың соңғы аптасында жаһандық медиада Қазақстанға қатысты жаңалық үдеді. Соның ішінде экономикалық байланыс пен энергетикалық келісім төңірегіндегі оқиғалар жиі ұшарасты. Энергетика министрлігінің Қазақстандағы «Лукойл» активтерін сатып алуға қатысты ұсынысы, ел экономикасына құйылатын шетелдік инвестиция басымдыққа ие болса, жасанды интеллект саласындағы Израильмен байланыс және Қытаймен бірлесіп салатын электр стансалары туралы айтылған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
The Times of Central Asia: Биыл 60 млрд доллардан астам инвестиция тартылады
Қазақстан 2026 жылы жалпы көлемі 62,7 млрд долларды құрайтын инвестиция тартуды жоспарлап отыр, оның ішінде 25,5 млрд доллары — шетелдік капитал. Бұл деректер Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен инвестициялық стратегия жөніндегі Үкімет отырысында айтылған. Жаңалықты The Times of Central Asia бөлісті.
2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 45 млрд долларға жеткенін білеміз. Биыл Үкімет жалпы құны шамамен 32 млрд доллар болатын 475 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде 1100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Салыстыру үшін айта кетсек, өткен жылы 5 млрд долларға 273 жоба іске қосылған болатын.
Қазіргі уақытта іске асырылу сатысындағы ірі жобалардың қатарында:
- Қарағанды облысындағы құны 4 млрд долларды құрайтын CHN Corporation көмір-химия кешені;
- Fufeng Group компаниясының 800 млн долларға бағаланған жүгеріні терең өңдеу зауыты;
- Shandong Yuwang Industrial компаниясының 250 млн долларлық соя өңдеу кәсіпорны;
- Roca Group пен UBM Group тарапынан қосымша инвестициялар бар.
Премьер-министрдің айтуынша, мемлекеттік органдарға инвестициялар көлемін ұлғайту, қосылған құны жоғары жобаларды жүзеге асыру жүктелген. Осы стратегиялық мақсатқа сәйкес, Қазақстанның Инвестициялық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылды.
Алдағы уақытта Үкімет инвестиция тарту тәсілдерін қайта қарамақ. Ол үшін инвесторларды нысаналы түрде тартуға және алдын ала дайындалған жобалар пакетін ұсынуға негізделген проактивті модельге көшу жоспарланған.
Сонымен қатар инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокуратураға берілді. Ал бұрынғы инвестициялар комитеті инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта ұйымдастырылған. Бас прокуратураның мәліметінше, реформа инвесторлардың қатысуымен болатын сот дауларын 30 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр инвестиция саласындағы шамадан тыс бюрократия мен жергілікті деңгейдегі рәсімдердің мерзімін сынға алды. Мұндай ахуал инвестицияға кедергі келтіріп, тікелей экономикалық шығынға әкелген.
Report: Министрлік АҚШ-қа «Лукойл» компаниясына қатысты хат жолдады
Энергетика министрлігі АҚШ-тың Қаржы министрлігі жанындағы Шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқармасына (OFAC) «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы жобаларының үлесін сатып алуға қатысты хат жолдады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлаған. Министр сөзін Report ақпарат агенттігі таратты.
Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, Үкімет активтерді сатып алу бойынша «Лукойл» компаниясына ұсыныс жасамаған, тек АҚШ билігіне хат жолдапты.
– 2025 жылдың аяғында «Лукойлдың» Қазақстандағы активтері сатылған жағдайда, заңда көрсетілгендей, бұл үлесті сатып алуға басым құқығымыз бар екенін мәлімдеген едік. Энергетика министрлігі тиісті хатты OFAC-қа жолдады, – деді министр.
Оның пайымдауынша, компанияның үлесін сатып алуда Қазақстанның басым құқы бар. Осы орайда ведомство басшысы компания үлесін сатып алудың түрлі нұсқасын айта кетті.
– Сатып алу кезінде міндетті түрде қолма-қол төлем жасау міндетті емес. Акциялар пакетін сатып алудың әртүрлі жолдары бар, соның ішінде төлемді кейінге қалдыру немесе шикізатты сатудан түсетін кіріс арқылы есептесуге болады. Көптеген нұсқа бар және олардың барлығын қарастыру мүмкіндігі бар, – деді Ерлан Ақкенженов.
ТАСС: Қазақстан Қытаймен бірлесіп төрт электр стансасын салады
Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялады. Аталған келісім ел аумағында төрт электр станциясын салуды көздейді. Жаңалықты ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі жариялады.
Бұл келісімге 2024 жылы Бакуде қол қойылған. Жоба аясында жалпы қуаты 1,5 ГВт болатын үш жел электр стансасын және қуаты 300 МВт болатын бір күн электр стансасын салу жоспарланып отыр. Олар Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарында бой көтереді.
Қазақстан тарапынан тең инвестор ретінде «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы қатысатыны белгілі болды. Келісім жүзеге асса, 100-ден астам тұрақты және шамамен 1,5 мың уақытша жұмыс орны ашылуы мүмкін. Сондай-ақ 2 млрд доллардан астам инвестиция тартылады деген болжам бар. Қосымша электр энергиясын өндіру көлемі жылына 5,7 миллиард кВт·сағаттан асады.
Мәжіліс заңды қабылдағаннан кейін келісімді ратификациялау туралы құжат Сенаттың қарауына жіберіледі.
Anadolu: Қазақстан мен Израиль жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Израильдің сыртқы істер министрін қабылдады. Кездесудің басты тақырыбы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ықпалдастыққа арналған және алдағы жобаларды іске асыру мәселесі назардан тыс қалмады. Маңызды кездесу туралы Anadolu ақпарат агенттігі жазды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Гидеон Саардың сапары Израильдің Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін аңғартады. Әсіресе қос тараптың жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару салаларындағы бірлескен жобалары қарқын ала түспек.
Мемлекет басшысы Гидеон Саардың Астанаға сапары аясында қазақ-израиль бизнес-форумының өтуін құптап, оның қорытындысы екі ел арасындағы инвестициялық серіктестікті кеңейтуге нақты үлес қосатынына сенім білдірді.
«Гидеон Саар Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген шешімі ретінде бағалады. Бұл тұрақтылықты, бейбітшілікті және халықаралық диалогты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті», – деп жазды Ақорда.
Израиль сыртқы істер министрлігінің басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға жоғары баға беріп, аталған бастамаларды табысты жүзеге асыруға тілектестік білдірді.