Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Атом өнеркәсібін дамыту, пилотсыз жүк тасымалы және жаңа сауда платформасы

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанға қатысты жаңалықты қалыс қалдырмады. Қытаймен бірлесіп әзірленген астық саудалауға арналған платформаның құрылуы, атом өнеркәсібіндегі отандық технологияның үлесін арттыру жобалары кең талданған. Тау-кен саласындағы алдағы болжам мен жүргізушісіз жүк көліктерін дамыту ісі де айтылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Xinhua: Қазақстан отандық атом өнеркәсібін дамытпақ

Алдағы жылдары Қазақстан кемінде үш атом электр станциясын салады. Осы бағытта 2030 жылға қарай елдегі атом өнеркәсібіндегі отандық құрамдас бөліктердің үлесін 30 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Xinhua агенттігінің хабарлауынша, жергілікті өндіріске бағытталған қаржының көлемі 4–4,5 миллиард долларға бағаланған. Бұл жоспар атом энергетикасының стратегиялық маңызды инфрақұрылымына отандық кәсіпорындардың қатысуын арттырып, Қазақстанның өнеркәсіптік әрі технологиялық дайындығын күшейтеді деген жоспар бар.

Болжам бойынша, қазір Қазақстан саладағы сұраныстың тек 22 пайызын қамтамасыз етеді.

ТАСС: Қазақстан мен Ресей пилотсыз жүк тасымалын іске қосуы мүмкін

Мұндай болжамды Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлаған. ТАСС агенттігінің ресми сауалына жауап берген ол жобаның экономикалық тиімділігін жоғары бағалады.

– Биыл жүк тасымалын [пилотсыз тасымалдар] бірлесіп жүзеге асырғымыз келеді. Қазірдің өзінде серіктестер бар. Жақын арада бұл туралы жаңалық естисіздер деп ойлаймын, – деді Нұрлан Сауранбаев.

Министрдің айтуынша, бұл әзірге сынақ сапары болады.

– Біздің ойымызша, жоба нарыққа тез енеді. Өздеріңіз білесіздер, жүргізушінің еңбекақы қоры шығындардың едәуір бөлігін құрайды – бұл біріншіден. Екіншіден, мысалы, Қорғастан Ақтөбеге дейін барып, ары қарай Ресейге шығатын жүк көлігі жүргізушісі әр сегіз сағат сайын тоқтап, демалуға міндетті. Ал пилотсыз көлік тек жанармай құю үшін ғана тоқтап, үздіксіз жүре береді. Соның нәтижесінде мұндай көліктің тиімділігі үш есеге дейін артады, – деді ол.

Оның сөзінше, пилотсыз жүк тасымалы нарық өсіміне жол ашуы мүмкін. Сонымен қатар министр Яндекс және inDrive компанияларымен пилотсыз такси бағытында келісімдері бар екенін еске салды.

Eurasianet: Тау-кен өндірісіне су тапшылығы кедергі ме?

Қазақстанның тау-кен өндірісі қарқынды дамып жатқанымен, су тапшылығы, климат өзгерісі мәселені қиындатуы ықтимал. Аталған тақырыпта көлемді мақала жариялаған Eurasianet-тің болжамынша, алдағы жылдары мемлекет өндірістің су тұтыну көлемін азайтатын болады.

– Орталық Азиядағы су тапшылығы көбіне тек ауыл шаруашылығы мәселесі ретінде қарастырылады... Ал тау-кен компанияларының тәуекел тізімінде бұл тақырып сирек кездеседі, – деген еді сарапшы Влад Паддак Астанада өткен «MINEX Kazakhstan» форумында.

Сарапшының мәліметінше, су тапшылығы байқалатын өңірлерде су шығыны мыс немесе темір кеніштерінің жалпы шығынының 10–20 пайызын құрайды.

– Қазақстанның тау-кен секторында нақты қанша су пайдаланылатынын анықтау қиын. Себебі ресми статистика бүкіл өнеркәсіп саласы бойынша жалпы түрде беріледі, – дейді Назарбаев Университетінің зерттеушісі Зауреш Атаханова.

Ғалым әріптестерімен бірге салыстырмалы түрде жаңа мыс кенішінің су тұтыну дерегін зерттеген. Нәтижесінде кәсіпорындар пайдаланылған судың 84 пайызын қайта айналымға жібергені анықталған. Соған қарамастан, ондағы су тұтыну көлемі өнеркәсіптегі жалпы су пайдаланудың 1,5 пайызына тең және жыл сайын шамамен 10 пайызға өсіп отырған.

Сарапшы Пол Климчак айтуынша, кеніштердің су тұтынуын азайтудың тиімді жолы – қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Тау-кен саласында бұл қалдықтар «tailings» деп аталады.

Айта кетейік, жаңа Су кодексі арқылы тау-кен компанияларын су тұтыну көлемін азайту жоспарланған. Кодекс келесі жылдан бастап бес жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізіледі. Құжат өнеркәсіп орындарын су үнемдеу технологияларын енгізуге міндеттеп, заң бұзушылықтар үшін жазаны күшейтеді.

Anadolu: Қазақстан мен Қытай бірлескен астық сауда платформасын құрды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ҚХР Азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының (NAFRA) басшысы Лю Хуаньсиньмен кездесті. Кездесуде бірлескен қазақ-қытай астық сауда платформасын құру туралы келісімге қол қойылды.

Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қытай мен Орталық Азия елдерінің іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Сауда алаңы Қытай тарапының қолданыстағы Ұлттық интернет-астық сауда платформасы негізінде құрылып, екі елдің бизнес өкілдеріне сауда-саттық пен тікелей келіссөздер арқылы мәмілелер жасауына мүмкіндік береді.

Негізгі өнім түрі соя мен басқа да майлы және май өндіруге арналған дақылдарға бағытталады деген жоспар бар.