Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Қашаған дауы, Қытаймен байланыс, қоқыс өңдеу зауыты және кардиохирургия жетістігі

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада әлемдік басылымдарда Қазақстан жайлы ақпарат жиі ұшырасты. Әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай еліне сапары, отандық кардиохирургия саласының әлемдік рейтингтегі көрсеткіші және қоқыс өңдеу зауыттары ерекше аталған. Қашаған операторларына салынған экологиялық айыппұл мен мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың спорттық мансабы да қалыс қалмапты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform / Nano Banana /Olympic.kz

Xinhua: Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті

16 шілдеде Шанхайдағы Сицзяо резиденциясында Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Қазақстанның Мемлекет басшысы Қытайға Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысу үшін барған. Ақпаратты Xinhua агенттігі хабарлады.

Кездесу барысында тараптар сауда, инвестиция, энергетика, көлік, цифрлық экономика және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы сөз қозғады. Сонымен қатар БҰҰ, ШЫҰ, «Қытай – Орталық Азия» форматы және өзге де халықаралық алаңдар арқылы жасанды интеллектіні дамытуға уағдаласты.

Reuters: Қашаған операторлары Қазақстанға 2,3 трлн теңге айыппұл төлеуге тиіс

Үкімет Қашаған мұнай кен орнын игеріп отырған компаниялардан 2,3 трлн теңге экологиялық айыппұлды өндіріп алуға ниетті. Қашаған операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына айыппұлды ерікті түрде төлеуге 20 шілдеге дейін уақыт берілген. Мәліметті Reuters таратты.

Егер консорциум белгіленген мерзімде қаржыны аудармаса, министрлік айыппұл ақысын мәжбүрлеп өндіріп алмақ. Егер мәжбүрлеп өндіру шарасы басталса, негізгі айыппұл сомасына 10 пайыз (230 миллиард теңгеге жуық) өсімпұл қосылады.

Айта кетейік, 2023 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Қашаған» мұнай жобасына қатысты 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар шамасында) көлеміндегі талапты күкіртті шамадан тыс сақтау фактісі бойынша енгізген еді.

Report: 3 қоқыс өңдеу зауыты салынады

Премьер-министр Олжас Бектенов China Tianying Inc. компаниясының президенті әрі партия комитетінің хатшысы Дэбяо Цаомен кездесті. Report ақпарат агенттігінің жазуынша, екі жақ қалдық өңдейтін зауыттар салу мәселесін талқылаған.

Қазақстанда салынатын шағын қуатты зауыттар тәулігіне 250-ден 500 тоннаға дейін қоқыс өңдей алады. Мұндай кәсіпорындар қалдық көлемі ірі кешен салуды қажет етпейтін өңірлерде бой көтеруі мүмкін.

China Tianying бұл салада 20 жылдан бері жұмыс істейді. Компанияның өз технологиялық және өндірістік қуаттары бар. Ұйым Сингапур, Мальдив аралдары және Франция секілді әлемнің 30-дан астам елінде жобаларды жүзеге асырған.

The Times of Central Asia: Қазақстан кардиохирургия саласы бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді

Қазақстанда жоғары технологиялық кардиологиялық жетіліп келеді. Өткен жылы жүрекке 13 106 ашық операция жасалған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға көп.

The Times of Central Asia-ның жазуынша, кейінгі бес жылда қанайналым жүйесі ауруларына шалдыққандар 15%-ға, өлім-жітім 35,1%-ға төмендеді. Ал биыл қаңтар-мамыр аралығында қанайналым жүйесі аурулары – 6,6%-ға, артериялық гипертензия – 9,7%-ға, жүректің ишемиялық ауруы – 10,1%-ға, жедел миокард инфаркті – 5,7%-ға, ми қанайналымының жедел бұзылысы (инсульт) – 6,1%-ға азайған.

Кардиохирургияның қарқынды дамуының нәтижесінде Қазақстан осы саладағы жетістіктері бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді.

Euronews: Шайдоровтың жеңіс жолы

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиадада алтын медаль жеңіп алып, осы спорт түрінен елдегі тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Қазір ол Алматыдағы Halyk Arena мұз айдынында жаңа маусымға қызу дайындалып жатыр. Осыған орай Euronews жариялаған мақаланы ықшамдап ұсындық.

Шайдоровтың спорттағы жолы Алматыдағы сауда орталығындағы шағын мұз айдынынан басталған. Балалық шағында оны 2014 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Теннің жетістігі ерекше шабыттандырған екен.

Кейін Шайдоровтың Олимпиададағы жеңісі Қазақстан үшін тарихи оқиға болды. Ел қоржынына мәнерлеп сырғанаудан алғашқы Олимпиада алтыны түсіп, Денис Тен бастаған жеңіс жолы жалғасты.

Алдағы уақытта Михаил Шайдоров мансабын жалғастырмақ. Жарыстарға қатысып, бағдарламасына жаңа элементтер енгізуге құлықты.

Сонымен қатар Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды насихаттау мақсатында мұз шоуын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.