Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Мұнай транзиті, қауіпсіздік ынтымақтастығы, дінаралық диалог және АЭС
АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйектің орта шегінде жаһандық ақпарат құралдары Қазақстанға қатысты бірқатар маңызды тақырыптарды жариялады. Олардың қатарында Баку–Тбилиси–Джейхан құбыры арқылы мұнай экспортын қайта бастау, Әзербайжанмен қауіпсіздік саласындағы әріптестік, Астанада өткен әлемдік діндер съезінің қорытындылары және Қазақстанда АЭС салу жобасына халықаралық қолдау мәселелері бар. Толығырақ Kazinform агенттігінің шолуынан оқыңыз.

Trend: Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы мұнай жөнелту қайта басталды
Қазақстанның ұлттық компаниясы «ҚазМұнайГаз» Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) мұнай құбыры арқылы экспортты қайта бастады. Бұл туралы Trend агенттігі хабарлады.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қыркүйекте Ақтау портынан БТД бағытына 8,8 мың тонна Қашаған мұнайы жөнелтілді. Келесі жөнелту 20 қыркүйекте жоспарланып отыр.
Айта кетейік, осы маршрут бойынша жеткізулер тамыз айында уақытша тоқтатылған еді. 2025 жылдың алғашқы 8 айында Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты арқылы 0,9 млн тонна мұнай транзиттелген.
2022 жылы «ҚазМұнайГаз» бен Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR Қазақстан мұнайын транзиттеу туралы келісімге қол қойған болатын. 2024 жылы тараптар Әзербайжан аумағы арқылы транзитті кезең-кезеңімен арттыру жөнінде келісімге келген.
Anadolu: Қазақстан барлық деңгейде дінаралық және мәдениетаралық диалогты қолдайды
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» құжатын қабылдаумен аяқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогты толық қолдайтынын және съездің жаһандық диалог алаңы ретіндегі рөлін арттыруға ықпал ететінін айтты. Бұл туралы түркиялық Anadolu агенттігі хабарлады.
Мемлекет басшысы өзгерістерге толы кезеңде діни көшбасшылардың адамзатқа рухани құндылықтар мен гуманистік бағдар беруі аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, съездің қорытынды декларациясында ортақ ойлар мен ұсыныстар көрініс тапты.
Тоқаев діни нысандарды қорғаудың тарихи жад пен мәдени әртүрлілікті сақтау үшін маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, климаттың өзгеруіне қарсы күресте және жасанды интеллектіні жауапты пайдалану мәселесінде діни лидерлердің үнін біріктіру қажеттігін қолдады. Президенттің пікірінше, съезд барысында көтерілген бейтарап әрі саясиланбаған бірыңғай үн – жаңа әрі әділетті әлемдік тәртіп құруға маңызды үлес бола алады.
ТАСС: МАГАТЭ Қазақстанға АЭС салудың барлық кезеңінде қолдау көрсетуге дайын
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Қазақстанға атом электр станциясын салудың барлық кезеңінде қолдау көрсетпек. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігі хабарлады.
АЭХА Бас конференциясы аясында Қазақстан Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гросси жұмыс кездесуін өткізді. Келіссөздерде атом энергетикасын дамыту ұлттық бағдарламасы, АЭС салу жоспары, инфрақұрылымды жетілдіру және ядролық технологияларды өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында пайдалану мәселелері қаралды.
МАГАТЭ Қазақстанның жүйелі қадамдарын жоғары бағалап, жобаның барлық кезеңінде – алаң таңдаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейін толық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ уран қорларын тиімді пайдалану, жаһандық нарыққа тұрақты жеткізілімдер және ұлттық мүдде мен халықаралық міндеттемелерді үйлестіру мәселелері қаралды.
Қазақстан АЭС салу үшін халықаралық консорциум құрғанын, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып жатқанын және жоғары байытылған отынды қауіпсіз сақтау нысанын пайдалануға енгізгенін хабарлады.
Report: Қазақстан мен Әзербайжан қоғамдық қауіпсіздік тәжірибесін бөлісті
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының делегациясы Әзербайжанға ресми сапары барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тәжірибесімен танысты. Бұл туралы Report ақпарат агенттігі хабар таратты.
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, ішкі істер министрінің орынбасары Аңсаған Балтабеков бастаған делегация Әзербайжан ІІМ басшылығымен және ішкі әскердің қолбасшылығымен кездесті. Тараптар қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, ұйымдасқан қылмыспен күрес және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында қазақстандық делегацияға Әзербайжан ІІМ ішкі әскерінің қызметі, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар таныстырылды. Сондай-ақ әскери бөлімдердің қару-жарақ пен техникасы көрсетілді.
Қазақстан делегациясы 2014 жылдан бері офицерлер даярлайтын Әзербайжан ішкі әскерлерінің әскери институтына барып, оқу бағдарламалары мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды.
Балтабеков екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде генерал-лейтенант Шахин Мамедов қазақстандық тараппен серіктестікті дамытуға дайын екенін жеткізді.