Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Теңіз жобасы, «жаңа миллиардер», Семей полигоны, «Қазцинктегі» апат

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы мұнай өндірісінің OPEC+ квотасынан асуы, Семей ядролық полигонының салдары, Қытаймен логистикалық байланыстар, астық экспорты мен цифрландыру мәселелері осы аптада әлемдік БАҚ назарында болды.

шолу
Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Reuters: Қазақстан мұнай өндірісінің қарқынын қалпына келтірді

Reuters агенттігінің хабарлауынша, сәуір айында Қазақстандағы мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі наурызбен салыстырғанда 16%-ға артқан.

Агенттік дерегінше, өндіріс көлемі тәулігіне 2,17 млн баррельге жеткен. Өсім негізінен Теңіз кен орнындағы өндірістің қалпына келуімен байланысты.

- Өсім негізінен елдегі ең ірі мұнай кен орны – Теңіздегі өндірістің артуымен байланысты болды. Сәуірде бұл кен орнындағы өндіріс көлемі тәулігіне 973 мың баррельге жетті. Теңіз қаңтар айында Каспий маңындағы кен орнында болған ірі электр қуаты үзілісінен кейін өндірісті қайта қалпына келтірді, - деп жазады Reuters.

Материалда Қазақстанның қазіргі өндіріс көлемі OPEC+ квотасынан едәуір жоғары екені де айтылған.

Bloomberg: Қазақстанның жаңа миллиардері еңбек жолын көлік сатудан бастаған

Bloomberg Қазақстандағы «жаңа миллиардер» Нұрлан Смағұлов туралы көлемді мақала жариялады. Басылым оның кәсіпкерлік жолын көлік сатудан бастап, ірі сауда орталықтары мен автомобиль өндірісіне дейін қалай кеңейгенін сипаттайды.

Материалда Алматының посткеңестік кезеңнен қазіргі ірі коммерциялық орталыққа айналғаны сөз болады.

- Смағұлов Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Lada сатудан бастап, кейін Қазақстандағы ең ірі бизнес империялардың бірін құрды. Қазір оған тиесілі компаниялар Қазақстанда өндірілетін әр бес көліктің екеуін шығарады. Оның бизнес жолы посткеңестік саудадан бастап, елдің автоөнеркәсібіндегі ең ықпалды ойыншылардың біріне айналған тарих ретінде сипатталады, - деп жазылған материалда.

Bloomberg кәсіпкердің байлығы шамамен 1,5 млрд доллар екенін жазады.

Al Jazeera: Кеңес дәуіріндегі ядролық сынақтар Қазақстанға ауыр зардап қалдырды

Al Jazeera Қазақстандағы Семей ядролық полигонының салдары туралы арнайы репортаж жариялады. Материалда Кеңес Одағы Қазақстан аумағында жүздеген ядролық сынақ жүргізгені айтылған.

Репортажда радиация әсерінен туындаған денсаулық мәселелері мен экологиялық зардаптар сөз болады.

- 1960-жылдары Кеңес Одағы Қазақстанда жүздеген ядролық сынақ жүргізді. Соның салдарынан ластанған жерлер, радиоактивті көлдер пайда болып, бірнеше ұрпақ қатерлі ісік пен туа біткен кемістіктердің зардабын тартып келеді. Семей полигоны маңындағы аймақтарда қатерлі ісік деңгейі елдің өзге өңірлерімен салыстырғанда шамамен 30% жоғары, - деп баяндайды Al Jazeera.

Материалда шамамен 1,5 млн адамның радиация әсеріне ұшырағаны да айтылған.

Reuters: Қазақстандағы ең ірі мырыш зауытындағы жарылыстан екі адам қаза тапты

Reuters Шығыс Қазақстандағы Kazzinc кәсіпорнындағы жарылыс туралы хабарлады. Агенттік мәліметінше, апат түтін сорғыш жүйесін тазалау кезінде болған. Материалда Kazzinc Қазақстандағы ең ірі мырыш өндірушісі екені айтылған.

Bloomberg те Kazzinc кәсіпорнындағы жарылыс туралы жазды. Басылым кәсіпорынның Glencore компаниясына тиесілі екенін атап өткен.

- Шығыс Қазақстандағы ірі мырыш зауытындағы жарылыс пен өрт салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам жараланды. Тозаң жинау құрылғысы жарылып, кейін өрт шыққан. Қазір өрт толық сөндіріліп, құтқару топтары қосымша зардап шеккендерді іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Bloomberg.

Xinhua: Қазақстан астық экспортын 13% арттырды

Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан 2025 жылдың қыркүйегінен бері 11,1 млн тонна астық экспорттаған.

Негізгі экспорт бағыттарының қатарында Өзбекстан, Ауғанстан, Қырғызстан және Түрікменстан бар.

- Қазақстанның негізгі экспорт нарығы – Өзбекстанға жеткізілім 13,8%-ға өсіп, 9,3 млн тоннаға жетті. Ауғанстанға экспорт көлемі 51%-ға артты. Сонымен қатар Қырғызстан мен Түрікменстанға жеткізілім де айтарлықтай ұлғайған, - деп хабарлайды Xinhua.

Eurasianet: Қазақстан арқылы өтетін Орта дәліздің жүк тасымалы жеделдейді

Eurasianet жариялаған China – Central Asia Monitor шолуында Қазақстан арқылы өтетін Орта дәліз бағытына қатысты жаңа келісімдер сөз болған.

Материалда Қазақстан, Қытай, Түркия және Еуропа елдерінің логистикалық компаниялары Каспий арқылы тасымал уақытын қысқарту жөнінде келіскені айтылған.

- Тараптар жүк тасымалын қағаз құжаттарсыз бақылауға көшуге уағдаласты. Биыл Қытайдан Қазақстан арқылы 600 контейнерлік пойыз өткізу жоспарланып отыр. Бұл Каспий арқылы өтетін Орта дәліз бағытының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, - деп жазады басылым.

Шолуда Қорғас құрғақ порты арқылы көлік экспортының да өскені көрсетілген.

Podrobno.uz: Өзбекстан мен Қазақстан ТМД бойынша ардагерлерге ең көп төлем береді

Podrobno.uz ТМД елдеріндегі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне төленетін әлеуметтік көмекті салыстырған материал жариялады.

Басылым Қазақстандағы төлем көлемі өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі екенін атап өткен.

- Қазақстанда майдангерлердің әрқайсысына тұрғылықты өңіріне қарамастан 5 млн теңгеден төленді. Ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін және қаза тапқандардың жесірлерін қолдауға жалпы көлемі 3,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл ТМД кеңістігіндегі ең жоғары төлемдердің бірі саналады, - деп жазады Podrobno.uz.

Telecom Review Asia: Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90%-ы онлайн форматқа көшті

International Business Magazine Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктері туралы материал жариялады. Басылым мәліметінше, мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматқа көшкен.

- Қазақстан электронды үкімет пен цифрлық мемлекеттік қызметтер бойынша өңірлік көшбасшы ретінде танылып отыр. Елдегі мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн көрсетіледі. Сонымен қатар Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы өңірлік дата-орталық хабына айналуға ұмтылып жатыр, - деп жазады басылым.