Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Вольфрам жобасы, Түркия факторы және Мәскеудегі шеру

АСТАНА. KAZINFORM – Түркиямен стратегиялық серіктестік, Қытай бағыты және сирек металдарға қатысты жобалар осы аптада әлемдік БАҚ назарында болды.

в
Коллаж: Kazinform

Bloomberg: Қазақстан мұнайы Еуропа үшін барған сайын маңызды болып барады

Bloomberg материалында Қазақстанның Каспий құбыр консорциумы (CPC) арқылы мұнай экспортын қысқартуы Еуропа нарығына қысым түсіріп отырғанын жазды.

- Қазақстан келесі айда Ресейдің Қара теңіздегі негізгі порты арқылы мұнай экспортын қысқартпақ. Бұл Таяу Шығыстағы дағдарыс салдарынан онсыз да қиын жағдайға тап болған Еуропа мұнай өңдеу зауыттарына қосымша қысым түсіреді, - деп жазады басылым.

Мақалада Қазақстан Еуропаға мұнай жеткізетін екінші ірі мемлекетке айналғаны да айтылған.

- Еуропалық зауыттар Парсы шығанағынан келетін тасымал азайғаннан кейін балама көз іздеуге мәжбүр болды, - дейді Bloomberg.

Материалда Қазақстан мұнайының Еуропа үшін стратегиялық маңызы артып келе жатқаны айтылған.

Financial Times: Трамптың ұлдарымен байланысты топ Қазақстандағы вольфрам жобасына тағы $400 млн сұрап отыр

Financial Times Қазақстандағы вольфрам кенішін игеріп жатқан америкалық инвестициялық топ АҚШ-тан қосымша 400 млн доллар қаржы сұрап отырғанын жазды. Әңгіме Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғары Қайрақты кен орындары туралы болып отыр.

- Трамптың ұлдарымен байланысты топ Қазақстандағы вольфрам кенішіне қосымша 400 миллион доллар сұрап отыр. Жоба бойынша бұған дейін америкалық мемлекеттік қаржы институттары мен даму қорлары тарапынан 1,6 миллиард долларға дейін қолдау мәселесі талқыланған, - деп жазады Financial Times.

FT мәліметінше, Қазақстандағы бұл кен орындары Батыс үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі вольфрам әскери өнеркәсіпте, электроникада және аэрокосмостық технологияларда кең қолданылады. Ал әлемдік нарықта бұл металдың негізгі жеткізушісі –Қытай. Басылым Вашингтон Қытайға тәуелділікті азайту үшін Қазақстандағы стратегиялық минерал жобаларына қызығушылық танытып отырғанын атап өтеді.

Xinhua: Қазақстан шикізаттық емес экспортты ұлғайтуды көздейді

Қытайдың Xinhua агенттігі Қазақстанның шикізаттық емес экспортты 2030 жылға қарай 52 млрд долларға жеткізу жоспарына назар аударды.

- Қазақстан 2030 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 52 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір Қазақстанның шамамен төрт мың өнімі әлемнің 127 еліне экспортталады, - деп хабарлайды Xinhua.

Қытайлық агенттік Қазақстанды халықаралық сауда мен логистикадағы маңызды өңірлік хаб ретінде көрсетеді.

Anadolu: Түркия мен Қазақстан Орта дәлізге басымдық беріп отыр

Anadolu Agency мен Daily Sabah Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапарын Түркі интеграциясы және Орта дәліз жобасы аясындағы стратегиялық серіктестік ретінде сипаттады. Басылымдар Астана мен Анкараның энергетика, логистика және қорғаныс салаларындағы байланысы күшейіп жатқанын ерекше атап өткен.

- Біз Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа көбірек шығаруды мақсат етіп отырмыз. Транскаспий бағытындағы Орта дәліздің стратегиялық маңызы артып келеді. Біз Қазақстанмен бірге энергия ресурстарын Батысқа жеткізуді күшейтуге ниеттіміз, - деп Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған сөзін келтіреді басылымдар.

Материалдарда Қазақстан мен Түркияның мұнай, логистика, қорғаныс өнеркәсібі және инфрақұрылым салаларында 13 келісімге қол қойғаны айтылған. Сонымен қатар тараптар Anka дрондарын бірлесіп өндіру жобасын талқылаған.

DW: Қазақстан Түркиямен қарым-қатынасты ерекше деңгейге шығарып жатыр

Deutsche Welle Қазақстанның Ердоғанды ерекше деңгейде қарсы алуына назар аударды. Басылым мұны Түркияның Орталық Азиядағы ықпалының артуымен байланыстырады.

- Түрік сериалдары, білім беру жүйесі, түркі бірлігі идеясы және мәдени жобалар Қазақстан қоғамында, әсіресе жастар арасында өте жақсы қабылданады, - дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов DW-ге берген сұхбатында.

Басылым Ресей Қазақстан үшін бұрынғыдай басты жүйелік серіктес болып қала беретінін атап кеткен.

- Бұған ортақ шекара, экономикалық байланыстар, энергетика және қауіпсіздік салалары әсер етеді, - деп жазады DW.

Сондай-ақ, Қазақстанның Түркия, Ресей, Қытай және Батыс арасында көпвекторлы тепе-теңдікті сақтауға тырысып отырғаны айтылған.

Eurasianet: Тоқаев пен Мирзиёев Мәскеуде бой көрсетті

Eurasianet Қазақстан мен Өзбекстан президенттері 9 мамырда «Мәскеуге күтпеген жерден» барды деп жазды. Басылым мұны Орталық Азия көшбасшыларының Кремльмен ерекше қатынасымен байланыстырған.

- Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның өзбек әріптесі Шавкат Мирзиёев әуелде іс-шараға қатысудан бас тартқандардың тізімінде болған. Олар Кремльдің 7 мамырдағы ресми тізімінде жоқ еді. ...Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің соңғы сәтте жоспарларын өзгертуіне не себеп болғаны әлі де түрлі болжам тудырып отыр, - деп жазады Eurasianet.

Материалда Тоқаев пен Мирзиёевтің Мәскеуге баруы аймақтағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған прагматикалық қадам ретінде сипатталған.